Ақ үй Иранға жасалған соққының бір реттік операция екенін мәлімдеді

Трамп елге жасаған ресми үндеуінде Ирандағы үш ядролық нысанға — Фордо, Натанз және Исфахан қалаларындағы объектілерге соққы берілгенін жариялады.
Оның айтуынша, бұл нысандар толықтай жойылған.
Трамп өз мәлімдемесінде Иран Израильмен бейбіт келісімге келмесе, АҚШ жаңа шабуылдар жасауға дайын екенін қадап айтты.
"Егер жақын арада бейбіт келісім болмаса, біз басқа нысандарды да тез, дәл әрі кәсіби түрде атқылаймыз", - деді ол.
АҚШ-тың Иранға жасаған шабуылына байланысты Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху да мәлімдеме жасап, Дональд Трампқа қабылданған шешім үшін алғысын білдірді. Ол бұл соққылардың тарихтың бағытын өзгертетінін айтты.
Сонымен қатар The Wall Street Journal басылымы АҚШ-тың Иран билігіне шабуылдың тек бір реттік операция екенін және Тегерандағы режимді өзгертуге бағытталмағанын ресми түрде хабарлағанын жазды. Ақ үйдің жоғары лауазымды өкіліне сілтеме жасаған басылым АҚШ әкімшілігінің бұл шабуылды Иранға күтпеген қысым жасау мақсатында жүзеге асырғанын атап өтті.
Трамп бұған дейін Иранға екі апта мерзім беріп, талаптар орындалмаған жағдайда әскери әрекетке баратынын ескерткен болатын. Алайда 21 маусым күні АҚШ президенті Иранның ядролық нысандарына соққы жасау туралы шешім қабылдады.
"Мақсат — ешкім күтпеген сәтте әрекет ету еді", - деді Ақ үй өкілі.
Ақпарат көздерінің айтуынша, Иранның АҚШ-тың ядролық нысандарға жасаған әуе шабуылына жауап берері әзірге нақты емес. Қарымта соққы АҚШ-тың шетелдегі немесе ішкі инфрақұрылымдарына, не болмаса екеуіне бірдей бағытталуы мүмкін.
Соңғы бірнеше ай бойы АҚШ-тың шетелдік әскери базалары жоғары жауынгерлік дайындық режимінде жұмыс істеп келген. Алайда дереккөздердің сөзінше, 13 маусымда Израиль мен Иран арасында соғыс басталғаннан кейін, Вашингтонда шабуыл қаупіне қатысты алаңдаушылық бұрынғыдан да күшейе түскен.