Израиль әскері халықаралық дипломаттарды лагерьге кіргізбей, оларға оқ атты

Оқиға Батыс жағалауындағы Дженин қаласында болды.
20-дан аса елден жиналған халықаралық делегация өкілдері босқындар лагеріне кірмек болған кезде, Израиль Қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) оларға тосқауыл қойып, жолды жапқан. Кіреберіс маңында орналасқан израильдік сарбаздар делегаттарға төрт рет оқ атқан. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ.
Израиль тарапы бұл әрекетті “ескертпе ату” деп түсіндірсе, Ұлыбритания, Франция, Канада және басқа елдердің дипломаттары бұл – әдейі жасалған әрекет екенін айтуда. Өйткені делегацияның сапары алдын ала келісілген және ресми түрде тіркелген болатын.
Сапардың негізгі мақсаты – Джениндегі босқындар лагеріне барып, ондағы гуманитарлық ахуалға баға беру, азық-түлік, медициналық көмек сынды мәселелерді өз көзімен көру болған.
Оқиғаға байланысты Израиль билігі ресми түрде кешірім сұрағанымен, бұл халықаралық қауымдастықтың ашу-ызасын баса алмады. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Израильдің әрекетін қатаң сынға алып, бұл – халықаралық құқық пен дипломатиялық келісімдерге қайшы келетін әрекет екенін мәлімдеді.
Гутерриш пен бірқатар елдер Израиль үкіметінен оқиғаға қатысты жан-жақты, ашық әрі әділ тергеу жүргізуді талап етті.
Дженин — Израиль мен Палестина арасындағы қақтығыстар жиі болатын Батыс жағалаудағы қала. Бұл аймақтағы босқындар лагері гуманитарлық дағдарыс жағдайында өмір сүріп жатқан мыңдаған адамның мекені. Соңғы айларда Израиль әскері бұл аймақта бірнеше әскери операция жүргізіп, тұрғындар арасында адам шығыны мен жарақаттар тіркелген. Халықаралық ұйымдар мен құқық қорғаушылар бұл әрекеттерді жиі сынға алып келеді.