Саяси тұтқындарға рақымшылық жасалмайды

Депутат Абзал Құспан мәлімдеме жасады.
Мәжіліс депутаты Абзал Құспан рақымшылыққа кімдердің ілікпейтіні туралы айтты. Оның сөзінше, бірқатар ауыр қылмыс түрлері бойынша сотталғандарға бұл науқан жүрмейді.
— Жемқорлық, терроризм, экстремизм және азаптау баптары бойынша жазасын өтеп жатқандар рақымшылыққа жатпайды. Бұл — заңмен нақты белгіленген талап, - деді депутат.
Құспан келтірген деректерге сәйкес:
- Жемқорлық бойынша – 624 адам,
- Терроризм бойынша – 294 адам,
- Экстремизм бойынша – 96 адам,
- Азаптау бойынша – 48 адам қамауда отыр.
Алайда құқық қорғаушылар аталған тізімде саяси себеппен сотталған азаматтар да бар екенін алға тартады. Әсіресе «экстремизм» бабы белсенділер мен оппозициялық көзқарастағыларға қарсы жиі қолданылатыны көптен бері айтылып жүр.
Құқық қорғаушылардың пікірінше, бұл бап — билікке ыңғайсыз азаматтық белсенділерді жазалау құралына айналған.
Сондай-ақ, «экстремизм» бабы бойынша сотталғандардың арасында белгілі марафоншы, қоғам белсендісі Марат Жыланбаев пен журналист Думан Мұхаммедкәрім де бар. Олардың жақтастары мен құқық қорғау ұйымдары бұл істердің саяси астары бар екенін бірнеше рет мәлімдеген.

Қоғамда рақымшылық заңы саяси тұтқындарға да қатысты болуы тиіс деген пікірлер жиілеп келеді. Бірақ қазіргі жағдайға қарағанда, бұл мәселе билік үшін әлі де жабық тақырып күйінде қалып отыр.
Саяси тұтқын деген кім?
Ең алғашқы болып «саяси тұтқын» сөзіне сипаттама берген ірі ұйым — Еуропалық Кеңестің Парламенттік ассамблеясы (ЕКПА). Оның 2012 жылдың 3 қазанының резолюциясы бойынша, саяси тұтқын:
- оппозициялық пікірі және діни көзқарасы, бейбіт жиналыс ұйымдастырып және оған қатысқаны үшін түрмеге жабылған адам;
- саяси себептерге байланысты бас бостандығынан айырылған адам;
- жазасы жасаған қылмысына сай келмеген адам;
- қамауда алалауға ұшыраған адам;
- әділетсіз соттың кесірінен бас бостандығынан айырылған адам.
Десек те «саяси тұтқын» ұғымының жалпыға ортақ мағынасы жоқ. Кейбір құқық қорғаушы ұйым бұл санатқа билікке қарсы шыққандардан басқа, діні, ұлты, тілі, сексуалдық ориентациясына байланысты қамалған адамдарды да жатқызады.