14:45, 02 Маусым 2025
Қытай Қазақстандағы жаңа мұнай учаскелерінің тең жартысын иеленді

Энергетика министрлігі хабарлағандай, электронды аукцион нәтижесінде көмірсутек қорларын барлау және өндіру құқығы төрт жер қойнауы учаскесіне берілді.
Олардың жартысын Қытай азаматтары мен компанияларымен байланысы бар заңды және жеке тұлғалар иеленген.
Аукцион нәтижесінде мына компаниялар жеңімпаз деп танылды:
- «EARTH OIL & GAS» ЖШС — Қызылорда мен Түркістан облыстарындағы Сарысу учаскесінде барлау және өндіру жұмыстарына құқық алды;
- «Taraz Petroleum» ЖШС — Жамбыл облысындағы Кокой учаскесінде барлау және өндіру жұмыстарына құқық алды;
- Kazakhstan Dinghua Energy Co Ltd — Маңғыстау облысындағы Үстірт-2 учаскесіне ие болды;
- «Almaty Oil Ventures» ЖШС — Жетісу мен Алматы облыстарындағы Жаркент учаскесінде жұмыс істеуге құқық алды.
Компаниялар туралы деректер:
- EARTH OIL & GAS компаниясы 2024 жылдың шілдесінде тіркелген. Оның құрылтайшылары — Hong Kong Bai Li Oil & Gas Limited және Рамиль Кимуров. Соңғысы бұған дейін Priority Oil&Gas барлау компаниясының жалғыз иесі болған. Кейін бұл компанияның 99,993% акциясы қытай-нидерландтық Sino-Science Netherlands Energy Group B.V. иелігіндегі «Матен Петролеум» компаниясына өткен.
- Taraz Petroleum компаниясы 2023 жылдың қарашасында Түркістан облысында тіркелген. Оның құрылтайшылары — Серік Мырзабеков пен Саттар Муталханов.
- Kazakhstan Dinghua Energy Co Ltd — 2024 жылдың тамызында Астана халықаралық қаржы орталығында тіркелген жеке компания. Құрылтайшысы және жалғыз иесі — Ли Цзе. Компания мұнай мен газ өндірумен қатар, сирек кездесетін және бағалы металдарды барлау және өндірумен айналысады.
- Almaty Oil Ventures 2023 жылдың желтоқсанында Алматыда тіркелген. Құрылтайшылары — Tengri Partners (Kazakhstan), Бекжан Сафинов және Данияр Каулдашев. Tengri Partners компаниясы Нидерландыда тіркелген.
Аукцион 28 ақпанда жарияланған болатын. Алайда бес учаске бойынша аукцион өткізілмеді. Олар:
- Атырау облысындағы Айыртау–II (Шығыс),
- Маңғыстау облысындағы Тюбеджик (Қарақұм),
- Батыс Қазақстан облысындағы Оңтүстік-Гремячинское,
- Ақтөбе облысындағы Қаратусай,
- Батыс Қазақстан облысындағы Дарьинское кен орны.
Бұл аукцион Қытай компанияларының Қазақстандағы мұнай секторына қызығушылығы артып келе жатқанын көрсетеді.