Ресей елшісі орыс тілінің Қазақстандағы жағдайына баға берді

Ресей елшісі Қазақстандағы орыс тілі мен екіжақты қарым-қатынас жайлы пікір білдірді.
Қазақстандағы Ресей Федерациясының елшісі Алексей Бородавкин Ресей мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастың берік екенін айтып, батыс санкциялары бұл байланысқа кері әсер етпегенін мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі геосаяси жағдайға қарамастан, екі ел арасындағы экономикалық және гуманитарлық әріптестік өз жалғасын табуда.
«Ресми емес мәліметтерге сәйкес, Ресей тарапынан Қазақстан экономикасына салынған инвестиция көлемі 56 миллиард долларға жуықтады. Бүгінде Қазақстан аумағында 20 мыңнан астам бірлескен ресей-қазақ кәсіпорны табысты жұмыс істеп жатыр», – деді Бородавкин.
Дипломат сонымен қатар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесіне сүйеніп, Ресейдің жаһандық қысымдарға төтеп беріп жатқанын атап өтті.
«Ресей түрлі қиындықтардан өткеніне қарамастан, еңсесін түсірмей, қателіктерден сабақ алып, одан сайын қуатты әрі айбынды мемлекетке айналып отыр. Президент Тоқаевтың “Ресей әскери тұрғыда жеңілмейді” деген сөзі кездейсоқ айтылған жоқ», – деді ол.
Елші Қазақстандағы орыс тілі мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстан билігі орыс тіліне құрметпен қарап, нақты қолдау көрсетіп отыр.
«Қазақстанда орыс тіліне оң көзқарас сақталған. Билік орыс тіліне қолдау көрсетіп келеді», – деп түйіндеді Бородавкин.
Бұл мәлімдемелер екі ел арасындағы сенімді стратегиялық серіктестіктің жалғасып жатқанын көрсетеді.
Алексей Бородавкин - 2018 жылғы 7 ақпаннан бастап - Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі.