Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:40

Киев алғаш рет Әзербайжаннан газ алады

Әзербайжан
Фото: БАҚ

Украина тарихында алғаш рет Әзербайжаннан табиғи газ импорттайды.

Бұл жөнінде «Нафтогаз Украина» компаниясының басқарма төрағасы Сергей Корецкий Facebook парақшасында хабарлады.

Газ Трансбалқандық коридор арқылы — Болгария мен Румыния аумағы арқылы жеткізіледі. Корецкийдің айтуынша, SOCAR Energy Ukraine компаниясымен алғашқы келісімге қол қойылған. Бұл компания — Әзербайжанның мемлекеттік мұнай-газ холдингінің (SOCAR) Украинадағы еншілес кәсіпорны.

Әзірге сынақ ретінде шағын көлемде газ сатып алу жоспарланған. Алайда Сергей Корецкий бұл Украинаның энергия қауіпсіздігін күшейту және жеткізу көздерін әртараптандыру жолындағы стратегиялық маңызды қадам екенін айтты.

«Бұл қадам ұзақмерзімді әріптестіктің негізін қалайды», - деді ол.

Сондай-ақ, ол келісімге президент Владимир Зеленскийдің, үкімет пен Энергетика министрлігінің қосқан үлесін ерекше атап өтті. Әзербайжанмен серіктестік алдағы қысқы жылыту маусымына дайындық тұрғысынан аса маңызды екенін айтты.

«Нафтогаз» компаниясы 2024–2025 жылдардағы жылыту маусымын толыққанды соғыс басталғалы бері ең қиын кезең деп сипаттады. Тек ағымдағы жылдың алғашқы үш айында Ресей тарапынан 100-ден астам зымыран және дрон шабуылы тіркелген. Олар компанияның инфрақұрылымына тікелей соққы жасаған. Осыған байланысты Украина газ қоймаларының бұрын-соңды болмаған дәрежеде босап қалғанын мәлімдеп, келесі қыс үшін шетелден газ сатып алу туралы келісімдер жасай бастаған.

Компания мәліметінше, жыл басынан бері 1,5 млрд текше метр газға келісімшарт жасалған. Сонымен қатар «Нафтогаз» Еуропалық қайта құру және даму банкінен және Норвегия үкіметінен 430 миллион еуро көлемінде қаржылық көмек алған. Бұл қаражат табиғи газ сатып алуға бағытталады.