Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 14:05

Илон Маск Трамптың кеңесшісі және DOGE басшысы қызметінен кетті

Маск
Фото: dzen

Америкалық миллиардер Илон Маск АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігіндегі арнайы мемлекеттік кеңесші және Үкімет тиімділігі департаментінің (DOGE) басшысы қызметінен кеткенін мәлімдеді. 

Бұл туралы ол 28 мамыр күні кешке X (бұрынғы Twitter) желісінде жазды.

— Бюрократиямен күрес миссиясы аяқталды, - деп жазды Маск қысқаша қоштасу сөзінде.

Илон Маск Трамптың екінші президенттік мерзімі басталғанда арнайы құрылған DOGE департаментін басқарған болатын. Бұл құрылым мемлекеттік аппаратты реформалауға және федералды бюджетті үнемдеуге бағытталған. Ақ үй Маскқа федералды мекемелердегі шығындарды қысқарту, тиімсіз құрылымдарды тарату сияқты маңызды міндеттер жүктеген.

DOGE мәліметіне сәйкес, Маск басшылық еткен кезеңде АҚШ үкіметі 130 миллиард доллар үнемдеген. Сонымен қатар 260 мыңға жуық мемлекеттік қызметкердің саны қысқарған.

Илон Маск екі ай бұрын берген сұхбатында DOGE-тегі жұмысы мен жауапкершілігі оның жүйкесіне әсер ете бастағанын айтқан болатын.

— Дональд Трампқа ысырапшыл шығындарды қысқартуға мүмкіндік бергені үшін алғыс айтамын, - деп жазды Маск өзінің жазбасында.

Еске салайық, Илон Маск – Tesla және SpaceX компанияларының негізін қалаушы, әлемдегі ең ықпалды кәсіпкерлердің бірі. Оның мемлекеттік қызметтегі рөлі ерекше назарға іліккен. Желі қолданушылары оның шешімін талқылап, келесі қадамдарын қызығушылықпен күтіп отыр.

 

Тегтер: