Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:11, 07 Тамыз 2025

Арменияда “24-топ” оппозициялық қозғалысының мүшесі Исмоил Холов ұсталды

Холов
Фото: БАҚ

Арменияда Тәжікстан президентіне оппозициялық көзқарастағы «24-топ» қозғалысының мүшесі Исмоил Холов ұсталды. 

Бұл туралы Радио Озоди (Азаттықтың Тәжік қызметі) хабарлады.

Холов Армения мен Грузия шекарасында ұсталған. «Баграташен» шекара бекетінің өкілі оның Тәжікстан билігінің іздеуінде болғандықтан ұсталғанын айтты.

«Қазір оның ісі қаралып жатыр, келесі шешімнің қандай болатыны әзірге белгісіз. Барлығын сот шешеді», - деді шекара қызметкері.

Қосымша мәліметтер әзірге жарияланған жоқ. Журналистердің Холовпен байланысу әрекеттері нәтиже бермеді.

44 жастағы Исмоил Холовқа Тәжікстанда тыйым салынған ұйымға қатысқаны үшін қылмыстық іс қозғалған. Ол 2011 жылдан бері Ресейде тұрып келген, алайда 2023 жылы Тәжікстан тарапынан белсенділер мен оппозиция өкілдеріне жасалған қысымның күшеюіне байланысты елден кеткен. Соңғы жылдары Ресей мұндай адамдарды Душанбеге жиі қайтарып жатыр.

2015 жылы Ресей Тәжікстан сұранысы бойынша Холовты бір рет ұстаған. Ол кезде Холов жарты жыл қамауда отырып, кейін Ресей оны экстрадициялаудан бас тартқан. «Мемориал» ұйымының дерегінше, 2018 жылы Ресей ІІМ оның ықтиярхатын жойып, ФСБ құжатына сүйене отырып, 2057 жылға дейін елге кіруіне тыйым салған. Холов Тәжікстанға депортациялануы тиіс болған, алайда адам құқықтарын қорғаушылар Еуропа адам құқықтары сотына шағым түсіріп, оны қорғап қалды.

24-топ туралы не білеміз?

«24-топ» — 2012 жылы Мәскеуде тәжік бизнесмені әрі оппозиционер Умарали Кувватов құрған қоғамдық-саяси қозғалыс. Ол 2015 жылдың қаңтарында Стамбулда өлтірілген. Қозғалыс Тәжікстан үкіметінің құрамын өзгерту, саяси тұтқындарды босату, адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау, сондай-ақ «Ұлт көшбасшысы туралы» заңды жою мақсаттарын алға тартқан.

2014 жылы Тәжікстанның Жоғарғы соты бұл қозғалысты экстремистік ұйым деп танып, ел аумағында оның қызметіне тыйым салған.