Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 09:00

Антикор EXPO-2017 көрмесіне бөлінген қаражатты жымқыру бойынша жаңа іс қозғады

Экспо
Фото: tr.pinterest

Бас прокурор Берік Асыловтың айтуынша, қазіргі таңда белгісіз тұлғаларға қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. 

Тергеу аясында бюджет қаражатының оффшорлық аймақтарға шығарылғаны туралы да нұсқалар тексерілуде.

Осыған дейін «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясындағы қаржы жымқыру деректері бойынша 23 адам сотталған. Асыловтың сөзінше, олардың кінәсі жан-жақты дәлелденген.

“Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет EXPO жобасына бөлінген қаражатты жымқыру фактісі бойынша, әзірге белгісіз тұлғаларға қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр. Тергеу барысында қылмыстық схемаларға қатысы бар барлық адамдарды анықтау үшін кешенді жедел-іздестіру және тергеу әрекеттері жүргізілуде. Сондай-ақ, шетелдегі оффшорлық компанияларға қаражат шығарылғаны туралы деректер де қарастырылып жатыр”, - делінген ресми хабарламада.

Айта кетейік, «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ермегияев 2016 жылдың маусымында 14 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Оған аса ірі көлемде пара алды, сеніп тапсырылған мүлікті иемденді және иемденген қаржыны жымқырды деген айып тағылды.

Жалпы алғанда, бұл қылмыстық іске Ермегияевпен бірге тағы 22 адам тартылған. Тергеу деректері бойынша, олар 10 миллиард теңгеден астам қаржыны жымқырған, ал Ермегияевке 4,2 миллиард теңгені иемденді деген айып тағылды. Іс 5 эпизодтан тұрған және 500-ден астам томнан құралған.

Кейінірек қоғамда резонанс тудырған тағы бір жайт — Ермегияевтің жазасын өтеу жағдайы болды. Сотта айтылған мәліметке сәйкес, оның камерасынан DVD-плеер, плазмалық теледидар, шырынсыққыш, электровафельница, йога кілемшелері және басқа да тыйым салынған заттар табылған. Судьяға сол заттардың тізімін оқып шығу үшін он минуттан астам уақыт қажет болған.

Бұл жағдайдан кейін Астана қалалық колониясының басшысы Ермегияевке не себепті ерекше жеңілдік жасалғанын түсіндіруге мәжбүр болды.

Сондай-ақ, «Астана ЭКСПО-2017» компаниясының құрылыс департаментінің бұрынғы басшысы Қажымұрат Үсенов те екі жылға сотталған. Ол да сыбайлас жемқорлық үшін жауапқа тартылған.

Бұл тергеу EXPO-2017 көрмесіне байланысты жемқорлық істердің әлі де толық еместігін көрсетеді. Құқық қорғау органдары қаражаттың нақты қайда кеткенін, кімдер тартылғанын анықтап, жауаптыларды жауапқа тартуға уәде беріп отыр.

Тегтер: