Мәйіті 8 айдан кейін табылған Яна Легкодимованың өліміне қатысты сот басталды

23 жастағы Яна Легкодимова 2024 жылғы 18 қазанда із-түссіз жоғалып кеткен еді.
Атырауда 23 жастағы Яна Легкодимованың өліміне қатысты іс бойынша сот басталды. Бұл қылмыс қаланы дүр сілкіндірген еді.
Тергеу мәліметінше, қызды оның танысы Ризуан Хайржанов Алтынбек Қатимовтың қатысуымен тұншықтырып өлтірген. Күдіктілер арасындағы жазысқан хаттарға қарағанда, қылмыс алдын ала жоспарланған.
Айыптау нұсқасы бойынша, Яна Ризуан Хайржановтың өзінен басқа қызбен де қарым-қатынаста екенін біліп қойған. Ол бұл шындықты екінші қызға айтуға ниеттенген. Мұны білген Хайржанов шындықтың ашылып қалмауы үшін оны өлтіруді жоспарлаған және досынан көмек сұраған. Қылмыстан кейін олар Янаның телефонын ұрлап, оның денесін Жайық өзеніне тастаған.
Марқұмның мәйіті тек сегіз айдан кейін табылды.
Қазіргі таңда екі күдіктіге де «алдын ала сөз байласу арқылы кісі өлтіру» және «ұрлық» баптары бойынша айып тағылған.
Іздеу жұмыстары қыс мезгілінде уақытша тоқтатылып, көктемде қайта жалғастырылды. Янаның денесі тек 20 маусымда табылды. Жақында ғана жарияланған сараптама қорытындысы бұл шынымен де Яна екенін растады.
Сегіз ай бойы оның анасы Галина Легкодимова қызының сүйегін тауып, жерлеуге үмітін үзбей, күткен болатын. Осы уақыт ішінде қала тұрғындары оны қолдап, әлеуметтік желі арқылы жылы лебіздерін білдіріп отырды.
Янаның тағдыры — ерекше қасіретті. Ол өңірдегі ең үздік студенттердің бірі болған. Мектепті үздік аттестатпен тәмамдап, Атырау мұнай және газ университетіне грантқа түсіп, кейін магистратураға қабылданған. Дипломын сәтті қорғап, ғылыми-зерттеу институтында жұмыс істей бастаған. Болашақта докторантураға түсіп, ғылыми жолын жалғастыруды армандаған.
Өлерінің алдында қазақ және ағылшын тілінен тест тапсырып, жоғары балл алған.