Белсенді Марғұлан Боранбай бостандыққа шықты

Төрт жылын темір тордың ар жағында өткізген белсенді Марғұлан Боранбай бостандыққа шықты. Бұл туралы мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
- Елдің егемендігіне, қазақтың намысына араша түсем деп, сотты болған Марғұлан бауыр Боранбай төрт жылдан соң түрмеден шығып, ағасына амандасуға келіпті. Өткен күзде Серікжан екеуіміз колонияға, Марғұлан марқасқаға барғанымызда: "УДО"-ға шығуға көмектесейік..." деп едік. "Ешкімнен кешірім сұрайтындай кінам жоқ, отсижу от звонка до звонка" деген-ді сонда қазақтың намысын шовенист-ватниктерден қорғаймын деп, нақақ жаламен абақтыға қамалған мінезді Марғұлан. "Қазақтың нағыз ұлтшыл патриоты кім?" деп, әлдекім сұрай қалса, ойланбастан осы оғыланды атаңыздар! Ешқашан қателеспейсіз, Марғұлан сізді қателестірмейді! Кәміл сенем!, - дейді депутат.
Оның айтуынша, Боранбайдың түрмеге түсуіне себеп болған — ұлттық мүддені қорғауы мен ұлтшыл көзқарасы.
Белсенді туралы не белгілі?
Марғұлан Боранбай 2020 жылдың күзінде ұсталып, 2022 жылы Алматы қаласының Алмалы аудандық сотының үкімімен 5 жыл 2 айға бас бостандығынан айырылған.
Оған «алауыздық тудырды», «қоғамдық тәртіпке қауіп төндірді» деген айыптар тағылғанымен, жақтастары бұл істі саяси қуғын-сүргін деп санайды. Боранбай – өз ойы мен ұстанымын ашық айтып, Қазақстандағы ұлттық саясатқа байланысты өткір сындарымен танылған белсенді.
Түрмеде отырған кезінде де ол күрескерлік рухын жоғалтпай, шартты түрде босап шығудан бас тартқан. Белсендінің жақтастары оның бостандыққа шығуын әділдік орнауының белгісі деп қабылдауда.