Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:50

АҚШ-та конгрессмендерге шабуыл жасаған күдікті ұсталды

АҚШ
Фото: Jerry Holt/AP/picture alliance

АҚШ-тың Миннесота штатында Демократиялық партиядан сайланған екі заң шығарушы мен олардың жұбайларына шабуыл жасады деген күдікке ілінген 57 жастағы Вэнс Лютер Болтер ұсталды. 

Бұл туралы американдық БАҚ 15 маусым, жексенбі күні түнде хабарлады. Күдікті екі адамды өлтіріп, тағы екі адамды өлтіруге әрекеттенді деген айыппен ұсталды.

Миннесота штатының полициясы бұл операцияны штат тарихындағы ең ауқымды шара деп атады. Болтер екі тәулік бойы іздеуде болған. Тергеу дерегінше, ол 14 маусымда Миннесота штатының Өкілдер палатасының мүшесі Мелисса Хортман мен оның күйеуі Маркты атып өлтірген, сондай-ақ штат сенаторы Джон Хоффман мен оның жұбайына оқ жаудырып, ауыр жарақаттаған. Күдікті полиция формасын киіп, өзін тәртіп сақшысы ретінде көрсеткен.

Болтер тастап кеткен көліктен 70 адамның аты-жөні жазылған тізім табылған. Олардың арасында жүктілікті үзу бойынша қызмет көрсететін дәрігерлер, демократ-заң шығарушылар мен өзге шенеуніктер бар. CNN мәліметінше, Болтермен байланысты үйлердің бірінен тағы бір тізім табылып, онда тағы он шақты адамның есімі көрсетілген.

Шабуыл алдымен түнгі 2:00 шамасында сенатор Хоффманның үйінде болды. 3:35 кезінде полиция Мелисса Хортман тұратын мекенжайға шақырылды. Онда келген тәртіп сақшылары күдіктімен атысқан, бірақ ол қашып кеткен. Кейіннен жалған полиция көлігі табылып, одан көптеген заң шығарушының аты-жөні жазылған жазбалар анықталды.

Миннесота губернаторы Тим Уолз мәлімдеме жасап, бұл шабуылды “саяси мақсатта жасалған кісі өлтіру” деп атады. “Мұндай қатыгездікке жол берілмеуі керек”, - деді ол.

АҚШ президенті Дональд Трамп тергеуге ФБР қосылатынын және кінәлілер “заңның ең қатаң талабымен” жазаланатынын мәлімдеді. “АҚШ-та мұндай үрейлі зорлық-зомбылыққа төзуге болмайды”, - деді президент.

Хортман мен күйеуі Бруклин-Парк қаласындағы үйлерінде қаза тапты. Хоффман мен әйелі Чамплин қаласындағы үйлерінде жарақат алған. Екеуі де ауруханаға жеткізіліп, операция жасалды. Дәрігерлер олардың жағдайын “аса сақ оптимизммен” бағалауда.

Тегтер: