Зеленский Путинмен диалогқа дайын: Кездесуде не айтпақ?

Украина президенті Владимир Зеленский Ыстамбұлда өтуі мүмкін кездесу барысында Владимир Путинмен қандай мәселелерді көтеретінін мәлімдеді.
DW басылымының хабарлауынша, Зеленский Ыстамбұлдағы ықтимал кездесуде Путинмен соғысты толық тоқтату және тұтқындармен алмасу жайын талқыламақ.
– Егер мен онымен кездесетін болсам, бұл кездесу нақты нәтижемен аяқталуы тиіс: атысты тоқтату, тұтқындармен толық алмасу немесе осыған ұқсас келісімдерге қол жеткізуіміз керек, – деді Зеленский француздық Libération басылымына берген сұхбатында.
Зеленскийдің айтуынша, атысты тоқтату жөніндегі кез келген келісімді іске асыру — ең күрделі міндеттердің бірі.
– Ресейліктер бізге сенбейді, біз де оларға сенбейміз, – деп атап өтті ол.
Осылайша, мұндай келісімнің орындалуына тек сыртқы делдалдар ғана кепіл бола алады.
Зеленскийдің пікірінше, АҚШ президенті Дональд Трамптың қатысуы Ресей президентін келіссөздерге шақыруға әсер етуі мүмкін. "Егер Путин келіссөздерге келмесе, бұл оның толық жеңілгенін білдіреді", - деп мәлімдеді Украина басшысы. Оның айтуынша, осындай жағдайда, Ресейдің келіссөздерден бас тартуы тек өздерінің жағдайын әлсіретеді, әрі халықаралық аренада жеңіліс ретінде қабылдануы ықтимал.
Еске салсақ, бұған дейін Зеленский Путинмен жеке кездесуге дайын екенін мәлімдеген еді. Ал 11 мамырда Владимир Путин Кремльде сөйлеген сөзінде Украинамен тікелей келіссөздерді қайта бастау ұсынысын білдірді. Ол келіссөздердің 2022 жылы тоқтатылғанын айтып, 15 мамырда Ыстамбұлда алдын ала талаптарсыз кездесу өткізу туралы ұсыныс жасады.