"Аруақтар соты": Жоғарғы сот Қаңтарда қаза тапқан төрт тараздықтың үкімін өзгертпеді

Таразда өткен сотта қаңтар оқиғасында қаза тапқандарға "БТР техникасына қарсы оқ атты", "мемлекет мүлкін бүлдірді" деген айыптар бойынша кінәлі деп таныған.
Ал Жоғарғы сот төрт адам — Исатай Донбаев, Райс Рысбеков, Ержан Байжанов пен Тоқтар Ошақбайға шыққан үкімді өзгертпеді.
Судья сот процесін фото, видеоға түсіруге рұқсат бермеді. Марқұмдардың адвокаттары мен жақындары тергеу ісінде қайшылықтар барын айтты. Бірақ прокурор Тараз соты шығарған үкімді күшінде қалдыруды сұрады.
Марқұмдардың жақындары соңғы инстанция шешімін ауыр қабылдады. Олар "әділ шешім үшін күресті жалғастыратынын" айтты.
Ал марқұм Исатай Донбаевтың әпкесі Шолпан Донбаева елде әділет жоқтығына қапалы.
- Үмітіміз осы кассациядан болған. Бірақ ақыры осындай шешімді қалдыратын болса, неге басында істі қарастырмаймыз деп айтпаған? Қазақстанның әділетіне сеніп едік, бірақ әділет жоқ екенін түсіндік, - деді.
"Жастардың бәрі алаңның қасында жүрген. Видеода олардың қолдарында бір тас я таяқ жоқ екені екені көрінеді. Қаруды мүлде айтпай-ақ қояйын. Қайдағы қару қолдарында?" деді марқұм Тоқтар Ошақбайдың әкесі Мұхтар Сыздықов.
Ақпанның басында алғашқы инстанция Тараздағы Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан бес азамат – Исатай Донбаев, Райс Рысбеков, Ержан Байжанов пен Тоқтар Ошақбайды кінәлі деп таныған. Қаза болуына байланысты оларға жаза белгіленбеген. Тергеу органдары оларды Қаңтар оқиғасы кезінде Тараздағы "жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты", "қаруды заңсыз алып жүрді" деген айып таққан.
Ал марқұмның жақындары болса үкімді өзгертіп, оларды ақтауды талап етті.