Ұлы дала – көшпенділер өркениетінің алтын бесігі

2021 жылы 5 қаңтарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы жарық көрді. Онда Президент халқымыздың тарихи санасын жаңғырту айрықша маңызды екеніне ерекше назар аударды. Содан бергі 4 жылдан астам уақытта біраз шаруа жасалды.
Академиялық 7 томдық: ұлт тарихын түгендеу
Бұл ретте, ең алдымен, Президент тапсырмасымен «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» атты академиялық 7 томдықтың әзірленуін атап өткен жөн. Әр томға арнаулы ғылыми институт жетекшілік етті. Бірегей жинақты дайындауға елімізден 250 тарихшы қатысты. Жүздеген ғалым көптомдықтың қосалқы авторы болды. Жұмыс барысында бұрын бізге беймәлім болып келген көптеген тың дерек табылып, ғылыми айналымға қосылып жатыр.
Бір сөзбен айтқанда, тарихымыз түгенделіп, барлық мәлімет объективті түрде сараланды. Ұлт жылнамасын ұлттық мүдде тұрғысынан жазу қағидасы берік сақталды. Тарихи әділдікті қалпына келтірген жаңа еңбек, шын мәнінде, ұлттық жобағаайналды.
Біз тарихымызды жазғанда асығыстыққа жол бермеуіміз керек. Созып жіберуге де болмайды. Алдыңғы академиялық басылымдарды әзірлеу кезінде жұмыс тіпті ұзаққа созылғаны белгілі. 1943 жылғы 1 томдық басылымға 5 жыл, 1957 жылғы 2 томдыққа 5 жылдан астам, 70-жылдары шыққан 5 томдыққа 10 жылға жуық уақыт кеткен.
Ал тәуелсіздік кезеңіндегі 5 томдықтың бірінші томы 1996 жылы шықса, соңғы бесінші томы 2010 жылы көпшіліктің қолына тиді. Дайындық жұмыстарын айтпағанның өзінде, бес томдықтың толық басылып шығуына 15 жылға жуық уақыт кетті.
Мәдени-рухани мұрамызды, тарихымызды түгендеуге арналған түрлі жоба аясында кейінгі жиырма-отыз жылда едәуір материал жинақталды. Кейін Мемлекет басшысының тапсырмасымен бұл жұмыс тың қарқынға ие болды. «Архив-2025» бағдарламасы жүзеге асырылып, шет мемлекеттерге арнаулы экспедициялар ұйымдастырылды. 9 мемлекеттен (Еуропа елдеріндегі, әсіресе Ватикандағы, Парсы мемлекеттеріндегі, Қытай мен Ресейдегі архивтерден) 5 мыңға жуық құжат табылып, зерттеліп, енгізілді. Пекин архивтерінен табылған құжаттар Қазақ хандығының Цинь империясымен, Хиуа, Қоқан хандықтарымен, Ресеймен дипломатиялық, саяси және сауда қатынасынан мол ақпарат береді. Абылай ханның, Болат және Уәли сұлтандардың хаттары, түрлі жарлық XVIII ғасырда Қазақ хандарының кеңсесі, ауқымды құжат айналымы болғанын айқын көрсетеді.
Ал Ұлыбританиядан табылған «Тарихи-и Қыпшақ хани», «Нусрат-Наме», «Муʻизз ал-ансаб», «Бахр ал-асрар» сияқты қолжазбаларда XIV ғасырдан бері қазақ жерінде болған маңызды оқиғалар туралы өте құнды мәліметтер жинақталған.
Тарихымызға қатысты бұрынғы басылымдарда картографиялық материалдар аса көп қолданылмаған еді. Мақсатты түрде жүргізілген кешенді шаралардың арқасында өте ауқымды картографиялық материал жиналды, Италия, Франция, Қытай және Ресей архивтерінен бұрын бізге беймәлім болып келген карталар табылды. Сондай-ақ кейінгі жылдары археологиялық қазба жұмыстары белсенді жүргізіліп, маңызды жаңалықтар ашылды. Осының бәрі жаңа басылымның мазмұнын толықтырып, байыта түседі.
Бұл жеті томдықты төл тарихымызға қатысты осыған дейін жасалған ірі жобалардың бұрын-соңды болмаған деңгейде толықтырылып, тәуелсіз Қазақстанның көзқарасы мен мүддесі тұрғысынан зерделей жазылған қорытынды нұсқасы деуге болады.
Осылайша, жұмыс негізінен жұмырланып қалды. Біз ауқымды жұмыстың соңғы кезеңіне қадам бастық. Жақында академиялық басылымның ресми редакциялық алқасы құрылды. Оған еліміздегі ең белді ғылыми-зерттеу институттарының жетекшілері, Ұлттық музейдің, Орталық мемлекеттік архивтің басшылары, сондай-ақ Болат Көмеков, Жәкен Таймағамбетов, Мәмбет Қойгелдиев, Хангелді Әбжанов, Мұрат Әбдіров, Жақсылық Сәбитов, Радик Темірғалиев және басқа да көптеген белгілі ғалым мен сарапшы кірді. Алқа мүшелерінің арасында аға буын, орта буын және жас буын өкілдері бар. Бір сөзбен айтсақ, бұл жұмысқа жан-жақты қарап, оны кешенді түрде атқарып жатырмыз. Редакция алқасының жұмысын «Тарихшылардың құрылтайы» деуге болады. Олар әр томды жеке-жеке қарап, мұқият саралағаннан кейін баспаға жіберу туралы шешім қабылдайды.
Редакция алқасы мүшелерінің барлығы өз мамандарымыз. Яғни 7 томдық академиялық басылымның жалпы мазмұнын айқындайтын да, әр том, әр тарау, әр бөлім, әр тақырыпты сүзгіден өткізіп, түпкілікті шешімді қабылдайтын да өзіміз. Тоқетерін айтқанда, өз тарихымызды өзіміз жазып жатырмыз. Мен мұны редакция алқасының төрағасы ретінде ресми түрде мәлімдеймін. Сондықтан түрлі алыпқашпа сөзге сенудің қажеті жоқ.
Әрине, басқа ғылымдар секілді тарих ғылымы да бір орында тұрмайды. Жеті томдықты төрт құбыласы түгел, сан мың жылдық шежіреміздің ұңғыл-шұңғылы тегіс қамтылған, ешбір кемшіліксіз еңбек деп түбегейлі баға беруге қақымыз жоқ. Бағаны ертең оны оқитын аудитория мен кейінгі ұрпақ береді. Бірақ болашақта тарихпен айналысамын деген азаматтардың ұлт жылнамасын терең зерделеуіне, әрі қарай зерттеулер жүргізуіне сара жол ашып, берік негіз қалауға тырысқанымыз анық.
Көп ұзамай жеті томдық жарыққа шығады. Ондағы деректер мектептер мен жоғары оқу орындарындағы білім бағдарламаларына енгізіледі.
Осылайша, тарихымызды біртұтас шежіре ретіне жеткізетін басылым жарыққа шыққанда кейінгі ұрпақтың алдындағы бір парызымыз орындалды деп сеніммен айтуға болады.
Ұлы дала – өркениеттер ошағы
Біз төл тарихымызға ауқымды, кең көзқараспен қарауымыз керек. Қазақ жерінде біздің жыл санауымызға дейінгі замандарда-ақ түрлі тайпалар әншейін саяси, әскери, я шаруашылық бірлестіктер емес, орталықтандырылған билік жүйесі бар, иерархиясы мен таптық бөлінісі нақтыланған толыққанды мемлекеттер болған. Көнеден келе жатқан мемлекеттігіміздің тұғыры саяси құрылымдарға, орталық билік жүйесіне ғана емес, ортақ құндылықтарға, рухани-мәдени бірегейлікке негізделді. Сондықтан тарихымызды зерделеп, дәріптегенде қазақ жерінің ежелгі және ортағасырлық қуатты мемлекеттердің мекені ғана емес, ең бастысы, бірегей көшпенділер өркениетінің алтын бесігі екеніне баса назар аударуымыз керек.
Жалпы, Орталық Азия аймағы, соның ішінде біздің өңір бай тарихымен, қазыналы шежіресімен ерекшеленеді. Қазақ жеріндегі ежелгі кеніштер мен кен байыту орталықтарынан бұл аймақта металлургияның қаншалықты жоғары дамығанын айқын аңғаруға болады. Ежелгі көшпенділер Еуразия кеңістігіндегі теңдессіз мәдениеттің иесі болды. Адамзат баласы ең алғаш жылқыны қолға үйреткен жер екені ғылыми тұрғыда дәлелденген Ботай қонысы, қуатты мемлекеттердің әміршілері – Есік қорғанынан табылған Алтын адам, Аралтөбедегі Сармат көсемі, Шығыс Қазақстандағы Шілікті әміршісі, Берел ханшайымы мен Елеке сазы дегдары және басқа да теңдессіз тарихи мұралар қазақ жерінде есте жоқ ескі замандардың өзінде жоғары дамыған өркениет болғанын көрсетеді.
Төл тарихымызға тікелей қатысы бар көне жәдігерлер қазіргі Қазақстан жерімен ғана шектелмейді. Арғы бабаларымыздың қаншалықты кең аумақты ен жайлап, еркін билеп төстегенін көрсететін балбал тастарды алып құрлықтың барлық қиырынан көруге болады.
Кезінде тарихпен айналысып жүргенде осы балбалдарды өзім де зерттегенмін. Бастапқыда Орхоннан Дунайға дейінгі кең-байтақ алқаптағы көне ескерткіштерді зерттеуге ұмтылып, кейін уақыттың тарлығына байланысты Орхоннан Каспийге дейінгі аралықпен шектелуіме тура келді. Жинаған материалдарым «Ұлы даланың тас сақшылары» деген атаумен жарыққа шықты. Расымен, басынан аяғына дейін сан мың шақырымдық ұлан-ғайыр далада шашырай орналасқан балбалдар бір кезде бабаларымыз иелік еткен аумақтың шекара шебі іспетті көрінеді. Асқан шеберлікпен қашалған тас мүсіндер кейінгі ұрпаққа аманат еткен жерін қорғап, күзетіп тұрған батырлар сияқты әсер қалдырады.
Сондай-ақ бүлінбей сақталған балбалдардың мұрты, қылыштары, құмыралары – бәрі бір-бірінен аумайды. Осының өзі қазір бірнеше мемлекетке қарайтын, кең-байтақ даланы мекен еткен халықтардың мәдениеті, дәстүрі мен наным-сенімі бірдей екенін, яғни біртұтас өркениетке тиесілі екенін көрсетеді.

Балбалдан бөлек, Көк түріктер дәуірінен қалған ғажайып мұралардың ең әйгілісі – Күлтегін мен Білге қағанныңбітіктастары. Бұл ескерткіштер арғы бабаларымыздан барша адамзатқа мирас болып қалған теңдессіз жәдігерлер екені сөзсіз. Олардың қатарын жуырда тағы бір тамаша ескерткіш толықтырды, Құтлық қағанның бітіктасы табылды.
Ұлы Жібек жолының бойындағы әрісі екі мың жылдан бері асқақтап тұрған қалаларымыз да – бірегей өркениеттердің көнекөз куәсі. Шірік-Рабат, Тараз, Түркістан, Отырар, Қаялық, Алмалық, Жанкент, Сарайшық, Сығанақ және басқа да шаһарлардың әрқайсысы туралы тұтас еңбек жазуға болады. Сюань-Цзянь, әл-Макдиси, Ибн-Баттута, Гильом де Рубрук, Плано Карпини, Марко Поло сияқты атақты жиһанкездер қалаларымыздың және көшпенділер өмірінің сән-салтанатын тамсана жазған.
Келесі мәселе. Біз бұған дейін төл шежіремізге қатысты материалдық құндылықтарды ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұра нысандарының тізіміне қосуға баса мән беріп келдік. Бұл дұрыс, жұмыс алдағы уақытта да жалғаса береді. Мысалы, жақында Маңғыстаудағы жерасты мешіттерін аталған тізімге қосу туралы өтініш бердік. Бұдан бөлек, материалдық емес мәдени мұралартізіміне «Салбурын» сияқты ұлттық дәстүрімізді, «Алпамыс батыр» эпосын енгізу мәселесі пысықталып жатыр. Былтыр осы тізімге «Беташар» рәсімі қосылды. Оған дейін домбырамен күй тарту өнері, киіз үй тігу, айтыс өнері, қазақ күресі, Наурыз, асық ату сияқты ұлттық өнеріміз бен салт-дәстүрлерімізді енгізген едік.
Бірақ осы халықаралық ұйыммен ынтымақтастықтың тағы бір қыры бұған дейін назардан тыс қалып келді. Қазір қазақ тарихынан сыр шертетін деректі мұрамызды ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» тізіміне енгізу жұмыстарын қолға алдық. Кезінде тізімге Қожа Ахмет Ясауидің және оның ізбасары Сүлеймен Бақырғанидың қолжазбалар коллекциясы (2003 жылы), «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының аудио-визуалды құжаттары (2005 жылы), Арал теңізінің архив қорының материалдары (2011 жылы) қосылған. Содан кейін жұмыс біраз жыл тоқырап қалған еді. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың Бурабайда өткен отырысында жұмысты қайта жандандыру туралы нақты тапсырма берді. Тиісті шаралар қолға алынып, биыл сәуір айында ЮНЕСКО-ның деректі мұралар тізіміне «Хандар шежіресінің» қолжазбасы ресми түрде енгізілді. Осының бәрі қазақ даласының қайталанбас өркениет ошағы екенін дәлелдей түседі.
Қазақ елі – ойшылдар мекені
Өткен замандарда, әсіресе орта ғасырлардағы Орталық Азия аймағы барша адамзаттың дамуына өлшеусіз үлес қосқан озық ойлардың да ордасы болған. Әйгілі ғалым Фредерик Старр «Айырылып қалған ағарту ісі» атты кітабында бұл өңірдің әлемдік ғылымның, философия мен мәдениеттің негізін қалау ісінде Батыстан көш ілгері болғанын нақты дәлелдермен көрсетеді. Алтайдан Атырауға, Арқадан Алатауға дейін құлашын кең созып жатқан далада талай ғұлама ғалымдар өткен. Біз – олардың теңдессіз еңбектерінің және даналық дәстүрлерінің заңды мұрагеріміз.

Қазақ даласын әр дәуірде пайда болып, үздіксіз жалғасып келе жатқан идеялық тұғырнамалардың ошағы деуге толық негіз бар. Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашқари, Қожа Ахмет Ясауи сияқты ойшылдардың іргелі еңбектері, жырауларымыздың толғаулары мен билеріміздің шешендік сөздері, Абайдың, Шәкәрім мен Мәшһүр Жүсіптің асыл мұралары – соның айқын дәлелі. Түрлі тарихи кезеңде өмір сүрсе де, олардың саяси-философиялық көзқарастары ұқсайды. Өйткені бір-бірінің арасында қанша дәуір жатса да, олардың рухани сабақтастығы ешқашан үзілген емес.
Тарихта «Әлемнің екінші ұстазы» деген атпен қалған Әл-Фараби өз еңбектерінде әділдік идеясын дәріптеп, қайырымды қоғам құру мәселесін көтерді. Оның «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» атты трактатында мемлекетті басқару ісіне қатысты ерекше ұстанымдар айтылған. Ұлы ғұлама кез келген мемлекеттің қуаты оның әскери немесе экономикалық үстемдігінде емес, адамгершілік құндылықтарда екенін айтады. Жүсіп Баласағұнның көзқарастары Әл-Фараби идеяларымен тығыз астасып жатыр. Ол «Құтадғу білік» атты негізгі еңбегінде мемлекетті дұрыс басқарудың ең төте жолы әділ заңдар және барлық істе қара қылды қақ жаратын әділдіктің үстемдік құруы екенін алға тартады. Ал Махмұд Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрік» еңбегін өз заманындағы ең ауқымды сөздік қана емес, тұтас дәуірдің тыныс-тіршілігі туралы орасан зор мағлұмат беретін теңдессіз энциклопедия деуге болады. Адамзат өркениетін дамытуға Қожа Ахмет Ясауи ілімі зор ықпалын тигізді. Ол әйгілі даналық кітабы – «Диуани хикметте» адамгершілік құндылықтар және рухани бірлік туралы толғанып, артына мәңгі өшпес мұра қалдырды. Ұлы Абай әрбір өлеңі мен қарасөзінде қазақты бойындағы кемшіліктен арылып, кемел жұрт болуға шақырды. «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден бөлек» деп, талай ұрпаққа рухани азық болатын өшпес өсиет айтып кетті. Шәкәрім де адалдық, еңбекқорлық, білімпаздық сияқты қасиеттерді ұрпақ санасына сіңіруге ұмтылды.
Бұл ойшылдар қазақ жерінен шыққаны үшін ғана емес, ең бастысы, еңбектері халқымыздың таным-түсінігіне, табиғатына сай болғаны үшін біздің жанымызға жақын. Ғұламаларымыздың көзқарастары өзіміздегі өмір шындығынан алынғандықтан, қанша ғасыр, қанша жыл өтсе де, ешқайсысы өзектілігін жойған жоқ.
Оның сыртында ұлы ойшылдарымыздың мұралары күллі адамзатқа ортақ жаһандық өркениетке де әсерін тигізді деп толық сеніммен айта аламыз.
Тарих – көркем туынды емес
Тарих ғылымы үнемі дамып отырады. Жаңа деректер, тың тәсілдер пайда болады. Осы ретте тарихқа қатысты бірнеше мәселені мұқият қаперде ұстауымыз керек деп ойлаймын.
Біріншіден, тарих, ең алдымен, ғылымға негізделіп жазылуға тиіс. Қандай да бір мифті жоққа шығарамыз, онымен күресеміз деп екінші бір мифологияға жол бермеуіміз керек.
Ашығын айтсақ, кейбір адамдар жекелеген оқиғаларды, үрдістерді, тұлғаларды тым әсірелеуге құмар. Соның кесірінен дау-дамай туындайды. Бәзбіреулер болмаған оқиғаны болды деп ойдан шығарып, расталмағанды ақиқат деп жатады. Ұлт мүддесін емес, ата-бабасын дәріптеуге ұмтылатындар бар. Тарихи шығармаларға сеніп, оны шындық ретінде көретіндер де табылады. Бірақ тарих дегеніміз – көркем туынды емес. Сондықтан мұндай келеңсіз жайттарға бүкіл қоғам болып тосқауыл қоюымыз керек.
Екіншіден, тарих объективті көзқараспен жазылуға тиіс. Бір тұлғаның рөлін арттыру үшін екінші бір тұлғаны сынау дұрыс емес. Тіпті түрлі заманның қайраткерлерін салыстырып, сынап-мінеудің өзі орынсыз. Тұлғаларымыз өзінің саяси ұстанымына, көзқарасына сәйкес ел мүддесіне қызмет етті, өз миссиясын орындады.
Сонымен қатар бір кезеңді екінші кезеңге қарсы қоймау керек. Әрине, әр заманның өз ерекшелігі бар. Тарихи оқиғаларға әрқилы ахуал әсер етеді. Замандарды бір-біріне қарсы қойып, салыстыру салдарынан ел ішінде қарама-қайшылық туындайды, қоғамның береке-бірлігі бұзылады.
Үшіншіден, әр кезеңде тарихты зерттеушілердің алдында белгілі бір міндеттер тұрады. Мысалы, 90-жылдардың басында тарихтағы ақтаңдақтарды ашу басты мәселенің бірі еді. Бұрын белгісіз болған, тыйым салынған тақырыптарды зерттеуге мүмкіндік туды. Әрине, ол дұрыс болды. Қазіргі зерттеушілердің өз міндеті бар. Мемлекет ғалымдардың зерттеу ісіне араласпайды. Ғылымның өркендеуіне жағдай жасайды. Дегенмен қай мәселеде болсын бір дискурспен, бір тұжырымдамамен шектелмеген жөн. Әдіс-тәсілдерге, ғылыми ұстанымдарға сүйеніп, зерттеу тақырыбына қашанда ауқымды көзқараспен қарау керек. Халқымыздың жылнамасын әлем өркениетінің тамыры терең, ауқымы кең, айрықша маңызды бөлшегі ретінде жан-жақты көрсете білу керек. Сондай-ақ оны еліміздің қазіргі миссиясымен ұштастыра отырып дәріптеу қажет. Ұлттық тарих ғылымының басты міндетінің бірі осы.
Төртіншіден, Әлихан Бөкейханның «Тарих – түзу жөнді үйретуші» деген сөзі бар. Мемлекет кәсіби тарихшылардың беделін көтеріп, оларды барынша қолдайды. Осы орайда кәсіби стандарттарды қалыптастырып, оны қатаң ұстану маңызды.
Кейінгі кезде қоғамның тарихқа деген қызығушылығы артып келеді. Бұл – жақсы үрдіс. Бірақ оны әуесқойлар да пайдаланып жатыр. Түрлі подкаст түсіріп, әлеуметтік желіге шығаратындар, тақырыпты терең білмесе де, тарихқа баға беретіндер көбейіп кетті. Әрине, әуесқойлардың ел шежіресін насихаттау ісінде өз орны бар. Бірақ тарихтың бұрмаланбауы айрықша маңызды.
Қазір псевдо-тарихшылар пайда болды. Олар да әлеуметтік желі арқылы ақылға қонымсыз пікір таратып, елді адастырып жатыр. Бұған жол беруге болмайды. Кәсіби тарихшылар ғана жұрттың тарихи сауатын арттыра алады.
Кейінгі жылдары елімізде ауқымды реформалар жасалды. Саяси-экономикалық өзгерістермен қатар, халықтың таным-түсінігі, болмыс-бітімі, өмірлік қағидалары өзгеріп жатыр. «Адал азамат» тұжырымдамасына негізделген жаңа қоғамдық этика қалыптасып келеді. Тәуелсіз мемлекетте туып, ойы азат, санасы сергек болып өсіп келе жатқан жас ұрпақ халқымыздың терең тарихын жетік білуі керек. Бірақ бұл бізге мақтану емес, сақтану үшін, біреуге кектену үшін емес, болашаққа айқын көзқараспен қарап, алға нық сеніммен қадам басу үшін қажет.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, «Тарихты білу дегеніміз – өткенмен өмір сүру емес». Рас, тарих біздің сана-сезімімізде, ұлттық болмысымызда ерекше орын алады. Біз тарихымызды терең білу және одан тағылым алу арқылы өткеннің қателігін қайталамайтын, Ұлы даланы мекендеген ұлы бабалар жолын лайықты жалғастыра алатын халық болуға тиіспіз. Біз осы идеяны жастардың бойына сіңіріп жатырмыз деп ойлаймын.
Ерлан ҚАРИН,
Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк кеңесшісі