Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:25

Канада Чубайс пен Путиннің экс-жұбайына санкция салды

Чубайс
Фото: zhasalash.kz

Канада Украинадағы соғысқа байланысты Ресейге қарсы санкциялар тізімін кеңейтті. 

Бұл жолы қара тізімге Ресей элитасының бірқатар өкілі – Анатолий Чубайс, Борис Ельциннің қызы, Владимир Путиннің бұрынғы әйелі Людмила Очеретная және оның қазіргі жұбайы Артур Очеретный да енгізілді.

Үкімет сайтында 17 маусым күні кешке жарияланған мәліметке сәйкес, Канада 77 жеке тұлғаға, 39 заңды тұлғаға және Ресейдің «көлеңкелі флотына» тиесілі 201 кемеге санкция салған. Бұл – Украинаға жасалған агрессияға қарсы қабылданып отырған шаралар.

Санкцияға іліккендердің қатарында:

  • «Роснано» корпорациясының бұрынғы басшысы, РФ президенті әкімшілігінің экс-жетекшісі, бұрынғы бірінші вице-премьер Анатолий Чубайс,
  • Ресейдің тұңғыш президенті Борис Ельциннің қызы Татьяна Юмашева мен оның жұбайы, экс-шенеунік Валентин Юмашев,
  • Владимир Путиннің экс-жұбайы Людмила Очеретная және оның күйеуі Артур Очеретный,
  • Путиннің туыстары Михаил Путин мен Михаил Шеломов,
  • Ресейлік ірі бизнесмендер Владимир Евтушенков, Владимир Лисин және Александр Мамут.

Бұдан бөлек, санкциялар тізіміне белгілі дирижер Валерий Гергиев, көркем гимнастикадан Ресей құрамасының бұрынғы бас жаттықтырушысы Ирина Винер, сондай-ақ Ресейде тұрып жатқан Австрияның бұрынғы сыртқы істер министрі Карин Кнайсль мен «Северный поток» және «Северный поток – 2» жобаларының бұрынғы директоры Маттиас Варниг те енгізілген.

Канада Чубайсқа санкция салған G7 елдерінің алғашқысы болды. 2022 жылы Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Чубайс елден кетіп, Израильге қоныс аударған. Сол уақытта Путин оны әзілмен «Моше Израилович» деп атаған еді. Айта кетерлігі, Чубайс соғысқа қарсы ресми мәлімдеме жасаған жоқ және журналистерге сұхбат бермеді.

Санкция салуға «Коррупциямен күрес қоры» (ФБК) бастамашы болған. Қордың өкілі Мария Певчих Канада билігі ФБК дайындаған «Соғыстың 50 негізгі ұйымдастырушысы мен коррупционері» тізіміндегі барлық тұлғаны еш өзгертусіз енгізгенін мәлімдеді. «Канада – бұл тізімді толығымен қабылдаған алғашқы ел. Бұл – біздің ұзақ әрі мұқият жұмысымыздың нәтижесі», – деп жазды ол.

Тегтер: