Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:20, 24 Шілде 2025

Назарбаев әлемдегі ең бай он көшбасшының қатарына кірді

Назарбаев
Фото: БАҚ

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев бай әлем лидерлерінің ішінде сегізінші орынға жайғасты.

Brand Vision агенттігі оның байлығын 1–2 миллиард доллар шамасында, яғни 1 триллион теңгеден аса деп бағалаған.

Билік пен байлық көбіне қатар жүретіні жасырын емес. Кей елдерде саяси лауазымға ие болу адамның жеке байлығын еселеп арттыратын мүмкіндікке айналады. Кейбір ел басшылары қарапайым ресми жалақы алса, басқалары мұнай табысы, бизнес империясы, мұрагерлік капитал немесе мемлекеттік активтер арқылы миллиардтап байыған.

1. Владимир Путин – Ресей президенті

Ресми табысы жылына 200 мың доллардан аспаса да, түрлі барлау деректері мен журналистік зерттеулер Путиннің жасырын байлығы 200 миллиард долларға жетуі мүмкін екенін көрсетеді. Бұл байлық шетелдегі жылжымайтын мүлік, энергетикалық компаниялардағы үлестер және офшорлық шоттар арқылы жасырылған болуы мүмкін.

  • Жеке байлығы: шамамен 200 миллиард доллар;
  • Билік кезеңі: 2000–2008, 2012–қазіргі уақытқа дейін (Президент); 1999–2000, 2008–2012 (Премьер-министр).

2. Хассанал Болкиах – Бруней премьер-министрі және сұлтаны

Брунейдің абсолютті монархы әрі премьер-министрі болып табылатын Болкиах елдің мұнай-газ байлығын иелену арқылы 50 миллиард доллар жинаған. Оның 1800 бөлмелі сарайы, 7000-нан аса люкс көліктері мен алтынмен қапталған ұшақтары бар.

  • Жеке байлығы: 50 миллиард доллар;
  • Билік кезеңі: 1967–қазіргі уақытқа дейін.

3. Мұхаммед бен Рашид Әл Мактум – БАӘ премьер-министрі, Дубай билеушісі

Дубайды әлемдік мегаполиске айналдырған Мұхаммед Әл Мактум инвестициялар мен жылжымайтын мүлік арқылы 20 миллиард долларлық байлық жинады.

  • Жеке байлығы: 20 миллиард доллар;
  • Билік кезеңі: 2006–қазіргі уақытқа дейін.

4. Махатхир Мохамад – Малайзияның бұрынғы премьер-министрі

Екі түрлі кезеңде ел басқарып, Малайзияны модернизациялауға атсалысқан Махатхир мен оның отбасы 3–5 миллиард доллар аралығында байлық жинаған деген болжам бар.

  • Жеке байлығы: 3–5 миллиард доллар;
  • Билік кезеңі: 1981–2003, 2018–2020.

5. Сильвио Берлускони – Италияның бұрынғы премьер-министрі

Италияның ірі медиамагнаты Берлускони саясатқа дейін Mediaset, Fininvest сияқты компаниялар арқылы 7–8 миллиард доллар тапты.

  • Жеке байлығы: 7–8 миллиард доллар;
  • Билік кезеңі: 1994–1995, 2001–2006, 2008–2011.

6. Себастьян Пиньера – Чилидің бұрынғы президенті

LAN Airlines, банктер мен телеарналар арқылы байыған Пиньера екі рет президент болды. Оның байлығы – шамамен 2,7 миллиард доллар.

  • Жеке байлығы: 2.7 миллиард доллар;
  • Билік кезеңі: 2010–2014, 2018–2022.

7. Мұхаммед VI – Марокко королі

Мемлекетті басқарумен қатар, банк және тау-кен секторларына иелік ететін Мұхаммед VI-ның жеке байлығы – 2.1 миллиард доллар.

  • Жеке байлығы: 2.1 миллиард доллар;
  • Билік кезеңі: 1999–қазіргі уақытқа дейін.

8. Нұрсұлтан Назарбаев – Қазақстанның бірінші президенті

30 жылға жуық ел басқарған Назарбаевтың жеке байлығы – 1–2 миллиард доллар арасында делінеді. Бұл байлық отбасына тиесілі банктер, құрылыс, энергетика салаларымен байланысты.

  • Жеке байлығы: 1–2 миллиард доллар;
  • Билік кезеңі: 1991–2019.

9. Дональд Трамп – АҚШ-тың қазіргі президенті

Ақ үйге миллиардер болып келген санаулы президенттердің бірі. Жылжымайтын мүлік, брендтік лицензиялар және телебағдарламалар арқылы 5.1 миллиард доллар байлыққа ие болды.

  • Жеке байлығы: 5.1 миллиард доллар;
  • Билік кезеңі: 2017–2021, 2025–қазіргі уақытқа дейін.

10. Таксин Чинават – Таиландтың бұрынғы премьер-министрі

Байлығын телекоммуникациялық Shin Corporation арқылы жинаған Таксин 1.6 миллиард доллар иеленіп, билікке келген. Кейін әскери төңкеріспен биліктен шеттетілген.

  • Жеке байлығы: 1.6 миллиард доллар;
  • Билік кезеңі: 2001–2006.

Байлық пен биліктің байланысы жаһандық құбылысқа айналған. Бұл тізімдегі мемлекет басшылары байлықты билік арқылы арттырған немесе керісінше, байлығын билікке айналдырған. Мұнайдан бастап медиаға, инфрақұрылымнан бизнеске дейінгі барлық салада ықпал еткен бұл тұлғалар әлемдік саясат пен экономикаға орасан зор әсер етіп отыр.

 

Тегтер: