Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:58

«Ресей, үніңді өшір!»: Ереванда ресейлік телеарналарға қарсы наразылық өтті

Ресей
Фото: zhasalash.kz

9 шілде күні Армения астанасы Ереванда Жоғары технологиялық өнеркәсіп министрлігінің алдында ресейлік телеарналарды қоғамдық мультиплекстен және кабельдік желілерден алып тастауды талап еткен азаматтық белсенділер наразылық акциясын өткізді.

Акцияға қатысқан «Республика үшін» партиясының төрағасы Арман Бабаджанян елде кез келген шетелдік телеарнаның мультиплексте таралуына қарсы екенін білдіріп, қазіргі Армения заңнамасы ресейлік арналардың трансляциясын тоқтатуға толық мүмкіндік беретінін айтты. Оның сөзінше, бұл арналар эфирінде Арменияны қорлайтын және мемлекет мүддесіне қарсы пікірлер жиі айтылып, Ресейдің ақпараттық саясаты армян мемлекеттілігін әлсіретуге бағытталған.

Партия төрағасының орынбасары Рубен Меграбян «Sputnik Армения» агенттігінің жұмысын да тоқтату қажет екенін жеткізді. Ал Ванадзордағы Хельсинки Азаматтық ассамблеясының басшысы Артур Сакунц ресейлік телеарналар Арменияның ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіретін мазмұн таратып отырғанын мәлімдеді.

Наразылыққа қатысушылар «Жау арналарына жол жоқ», «Ресейдің өшпенділік тіліне жол жоқ», «Ресейлік үгіт-насихатқа жол жоқ», «Ресейдің уына жол жоқ», «Ресей, үніңді өшір!» деген жазуы бар плакаттар ұстап шықты. Шерушілер антиресейлік ұрандар айтып, Еревандағы ақпараттық тәуелсіздікке қауіп төндіретін кез келген насихатқа қарсы екендерін білдірді.

Армения парламентінің төрағасы Ален Симонян ресейлік телеарналардың ел аумағындағы таралуын шектеу мәселесін жан-жақты зерттеу керек екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл қадам Арменияның ақпараттық кеңістігіне сырттан жасалып жатқан манипуляциялар мен ықпалға лайықты жауап болмақ.

Симонян кейбір ресейлік телеарналар Армения мен Ресей арасындағы қатынастарға кері әсер етіп отырғанын атап өтті. Бұған қоса, ол ресейлік ақпарат құралдарында белгілі кәсіпкер Самвел Карапетянға қатысты айтылған пікірлерді елдің ішкі ісіне араласу әрекеті ретінде қарастыруға болатынын айтты.

Айта кетейік, Арменияның Тергеу комитеті Самвел Карапетянның сөзіне байланысты қылмыстық іс қозғаған. Ал сыртқы істер министрі Арарат Мирзоян Ресейдің жекелеген қоғам және саясат қайраткерлерінің мәлімдемелерін сынға алып, бұл әрекеттер Арменияның егемендігіне қол сұғу және ішкі саясатына араласу деп бағалады.

Еске салайық, өткен жылы Арменияда Ресейдің Бірінші арнасы (ОРТ) қоғамдық мультиплекстен уақытша алынды. Бұл туралы елдің жоғары технологиялық өнеркәсіп министрі Меружан Айрапетян Арменпресс агенттігіне түсініктеме берді.

Министрдің айтуынша, «Армян телерадиохабар тарату желісі» ЖАҚ пен «1 арна. Жаһандық желі» АҚ арасындағы келісім негізінде, арна өз міндеттемелерін орындамаған. Соның салдарынан 2,5 айлық дебиторлық берешек жиналған.

«Аталған қарыз толық өтелмейінше, Бірінші арнаның Армениядағы мультиплекстегі таралымы уақытша тоқтатылды», - деді Айрапетян.