Қырғызстанда кеңес жазушыларының есімімен аталатын көшелердің атауы өзгереді

Қырғызстан астанасы Бішкекте 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап көшелер мен басқа да географиялық нысандардың атауларына байланысты жиырма жылға мораторий енгізілуі мүмкін.
Бұл бастама қазіргі таңда Бішкек қалалық кеңесінде қаралып жатқан арнайы қаулы жобасында көрсетілген.
Қала әкімдігінің мәліметінше, бұл шешім әкімшілік-аумақтық реформа аясында Бішкек шекарасының кеңеюімен байланысты туындаған көше атауларының қайталануы мен жүйесіздігін реттеуге бағытталған. Қала маңындағы ауылдық округтер мен жаңа тұрғын үй алаптары Бішкекке қосылғаннан кейін, олардың бұрынғы көше желілері астанадағы көше атауларымен бірдей болып кеткен. Соның салдарынан бір көшенің әр бөлігінде әртүрлі атаулар қолданылған немесе қала ішінде бірдей атаулы бірнеше көше пайда болған.
Құжатқа қоса берілген тізімде қаланың негізгі көшелерінің көбінің атауы өзгеріп, бастан-аяқ бір атаумен аталатыны көрсетілген. Мысалы, Құрманжан Датқа көшесі енді 7 сәуір көшесі болып жалғаспайды, тек Құрманжан Датқа көшесі болады. Ал Оңтүстік магистраль — қазіргі кезде Жайыл баатыр көшесі, Масалиев даңғылы және Токомбаев даңғылы болып үшке бөлінген — енді түгелімен Жайыл баатыр даңғылы деп аталмақ.
Сондай-ақ Лев Толстой көшесі мен Путепроводная көшесі Шабдан баатыр көшесі деп аталмақ. Чыңғыз Айтматов даңғылы бұрынғыдай көпірге дейін емес, Баялинов көшесіне дейін сол атаумен аталатын болады (бұл аралық қазіргі таңда Манас даңғылы деп аталады). Жас гвардия даңғылы мен оның жалғасы Махатма Ганди көшесі Иманалы Айдарбеков көшесі деп өзгереді. Селекционная мен Муромская көшелері де Махатма Ганди көшесі деп аталады. Горький мен Анкара көшелері бір атаумен — Анкара көшесі деп біріктіріледі. Жалпы, құжатта 18 көше мен даңғылдың мысалы келтірілген.
Сонымен қатар бұрын қабылданған кейбір көше атауын өзгерту туралы шешімдердің күшін жою да қарастырылып отыр. Қазіргі қолданыстағы заңнама бір әкімшілік-аумақтық бірлікте бірдей көше атауларының болуына тыйым салатыны атап көрсетілген.
Жобаның қаржылық негіздемесінде аталған өзгерістерді іске асыру үшін жергілікті бюджеттен қосымша қаражат қажет болатыны, бұл алдағы бюджет өзгерістерінде ескерілетіні айтылған. Ал заңгерлік қорытынды бұл бастаманың Қырғыз Республикасы заңдарына және Бішкек қалалық кеңесінің регламентіне сәйкес келетінін растайды.
Қаулы кәсіпкерлік қызметті реттеуге бағытталмағандықтан, реттеуші ықпалын талдау қажет емес. Жобаны әзірлеушілердің пікірінше, бұл бастама ешқандай жағымсыз әлеуметтік, экономикалық немесе құқықтық салдарға әкелмейді. Қала кеңесі бұл қаулыны мақұлдаған жағдайда, ол 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Қаулының орындалуына қала кеңесінің тиісті комиссиясы мен сәулет және қала құрылысы саласын қадағалайтын мэрдің орынбасары жауапты болады.