Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:19

“Балаларды тамақтандыруымыз керек”: Трамп Израильге қарсы шықты

Газа
Фото: БАҚ

Дональд Трамп Газа секторындағы гуманитарлық жағдайға қатысты пікір білдіріп, бұл аймақта нағыз аштық жайлап жатқанын айтты. 

Оның айтуынша, Израиль тарапының «азық-түлік жеткілікті» деген уәжі шындыққа жанаспайды.

«Бұл – қолдан жасалатын нәрсе емес, бұл — нағыз аштық. Мен мұны өз көзіммен көріп отырмын. Біз, ең алдымен, балаларды тамақтандыруымыз керек», - деді Трамп Шотландияда Ұлыбританияның жаңа Премьер-министрі Кир Стармермен өткен баспасөз жиынында.

Трамп гуманитарлық көмекті тарату жүйесін тиімсіз деп сынға алып, жаңа гуманитарлық орталықтар ашу қажет екенін айтты. Ол бұл бастаманы жүзеге асыруда Ұлыбритания тарапынан қолдау болатынын атап өтті.

Біріккен Ұлттар Ұйымы, халықаралық дәрігерлер мен құқық қорғау ұйымдары Газа секторындағы жағдайға бірнеше айдан бері дабыл қағуда. Израиль мен ХАМАС арасындағы қақтығыстан кейін аймаққа гуманитарлық көмектің енуі күрт шектеліп, мыңдаған адам аштықтың шегіне жеткен.

Ресми дерек бойынша, соғыс басталғалы бері аштықтан 101 адам қаза тапқан, олардың 80-і — балалар.

Айта кетейік, бұған дейін Трамп Газаға көмек көрсетуге сақтықпен қараған. Ол жағдайға көбіне ХАМАС ұйымын кінәлап, бұл мәселені «АҚШ-тың емес, халықаралық қауымдастықтың проблемасы» деп атап келген. Алайда соңғы мәлімдемесінде Трамптың риторикасы едәуір өзгергені байқалады. Оның баланы қорғауға бағытталған үндеуі халықаралық қауымдастықтың назарын Газа секторындағы нақты гуманитарлық жағдайға қайта аударуға ықпал етуі мүмкін.