Перизат Қайратқа қатысты тың мәліметтер тарады

Су тасқынынан зардап шеккендерге арналған 1,5 миллиард теңгені жымқырды деген күдікке ілінген “Biz Birgemiz” қорының негізін қалаушы Перизат Қайрат туралы әлеуметтік желілерде жаңа даулы ақпараттар пайда болды.
Тараған мәліметтерге сәйкес, ол колледжде оқып жүрген кезінде ұрлыққа барған. Атап айтқанда, жатақханада телефон ұрлап, сол үшін оқудан шығарылған деген ақпарат тараған. Бұл мәліметтер жұртшылықтың қызу талқысына түсіп, күмән мен сенімсіздік тудырды.
Осыған байланысты “Маңғыстау өнер колледжі” мен Ж.Елебеков атындағы Эстрада-цирк колледжі бұл деректерге түсініктеме беруге мәжбүр болды.
“Маңғыстау өнер колледжі” МКҚК Перизат Қайратқызының 2006-2007 оқу жылында “Хорда дирижерлік ету” мамандығы бойынша 1-курсқа қабылданғанын растады. Алайда ол бұл оқу орнында ұзақ тұрақтамай, 2008 жылы Алматыдағы Ж.Елебеков атындағы Эстрада-цирк колледжіне ауысып кеткен.
Колледж өкілдері оның нақты қандай себеппен ауысқанын айтуға бас тартты.
Эстрада-цирк колледжі де Перизаттың бұл оқу орнында ұзақ оқымағанын мәлімдеді. Ресми мәлімет бойынша, ол мұнда бір жылдан аз уақыт қана оқып, кейін оқудан шығарылған.
Екі оқу орны да ұрлық жайлы тараған ақпаратқа тікелей жауап берген жоқ. Әзірге бұл айыптаулар ресми түрде дәлелденген жоқ және тек әлеуметтік желіде тараған қауесет ретінде қалып отыр.
Желі қолданушылары бұл оқиғаға байланысты түрлі пікір білдіруде. Бірі — бұл Перизат Қайратты қаралау әрекеті десе, енді бірі — оның өткенін қайта қазбалап, шындықты білгісі келеді.
Аталған іске қатысты нақты тергеу нәтижелері мен ресми мәлімдемелер күтілуде.