Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 16:20

“Шектен шықтым”: Маск Трамп жайлы жазбалары үшін кешірім сұрады

Маск
Фото: ашық дереккөз

Америкалық кәсіпкер, миллиардер және бұрынғы президенттік кеңесші Илон Маск АҚШ президенті Дональд Трампқа қатысты жазбалары үшін өкініш білдірді.

Әлемдегі ең бай адам мен АҚШ президентінің арасындағы қақтығысты соңғы апта бойы күллі әлем бақылап келді. Кикілжің Масктың Ақ үй әкімшілігінің салық-бюджеттік заң жобасын сынауынан басталған. Бұған жауап ретінде Дональд Трамп Овальды кабинетте журналистерге Масктың сынына көңілі толмайтынын және олардың “жақсы қарым-қатынасы” жалғаспауы мүмкін екенін айтқан еді.

Осыдан кейін Илон Маск Х әлеуметтік желісінде Трампты “намысы жоқ” деп атап, “менің қолдауым болмаса, ол сайлауда жеңіске жетпейтін еді” деген пікір білдірді.

Бүгін Маск бұл дауды доғаруға ниетті екенін байқатты.

«Президент туралы кейбір жазбаларыма өкініш білдіремін. Тым шектен шығып кеттім», - деп жазды ол Х желісінде.

Кеше Масктың әкесі Эррол Маск ұлы мен Трамп арасындағы жанжалға араласып, Трампты жақтап шыққан. Ол ұлының бұл әрекеті қателік болғанын айтты.

— Илон қателік жасады, бірақ ол қатты шаршаған. Олар бір-бірімен қақтығысуды жалғастыра береді, алайда жақын арада қайтадан қалыпты түрде сөйлесетін болады, - деді Эррол Маск.

Оның пікірінше, Маск пен Трамп арасындағы жанжал ертең-ақ аяқталуы мүмкін.

— Соңғы бес айда екеуі де үлкен қысымда болды. Оларға сәл тынығып алуға мүмкіндік беру керек. Олардың мақсаты — оппозицияны жеңіп, елді қалыпты жағдайға қайта оралту. Түсінесіздер ғой, кәдімгі күнделікті істермен айналысу. Сондықтан бұл — жай ғана болмашы жанжал. Ертең-ақ бітеді, - деді.

Айта кетейік, Эррол Маск қазіргі уақытта Мәскеуде жүр. Ол «Болашақ форумы — 2050» атты іс-шараға қатысу үшін келген. Форумды «Царьград институты» ұйымдастырған. Эррол Маск форумда спикер ретінде тіркелген.

Тегтер: