Тағы да жұмбақ өлім: «Транснефть» вице-президенті 17-қабаттан құлап көз жұмды

Ресейдегі мұнай құбыры саласындағы ең ірі компания – «Транснефтьтің» вице-президенті Андрей Бадалов түсініксіз жағдайда қаза тапты.
Ол Мәскеудегі элиталық Рублёвка ауданында орналасқан үйдің 10-қабатында тұрған. Алайда ресми ақпарат бойынша, ол 17-қабаттан құлап кеткен.
«Андрей Бадаловтың жүрегінде ақау болған» - деп хабарлайды ресейлік БАҚ.
Рублёвка тасжолындағы тұрғын үй кешенінің күзетшісі Андрей Бадаловтың денесін тапқан сәтте, оның үстінде холтер болған – бұл жүрек қызметін тәулік бойы бақылауға арналған медициналық құрылғы.
Кейінірек «Транснефть» компаниясы өз сайты арқылы Андрей Бадаловтың қайтыс болғанын ресми түрде растады және бұл жағдайды «орны толмас қаза» деп атады.
«Біздің ұжым орны толмас ауыр қазаға ұшырады. Шығармашылық еңбектің қызған шағында, үлкен кәсіби биіктікке жеткен, сенімді әріптес әрі дос, бірегей маман — тамаша адам Андрей Бадаловтың өмірі үзілді. Ол 62 жаста еді. Жарық бейнесі мәңгі жүрегімізде сақталады», - делінген компания мәлімдемесінде.
Андрей Бадалов 1962 жылы Краснодар қаласында дүниеге келген. 1999–2001 жылдар аралығында ол ММУ жанындағы ғылыми парктың Ақпараттық орталығында кеңесші қызметін атқарған. 2021 жылдың шілде айынан бастап ол «Транснефть» компаниясының вице-президенті болып, цифрлық трансформация, ақпараттық технологиялар, өндірістік және шаруашылық үдерістерді автоматтандыру салаларына жетекшілік еткен.
Қайғылы оқиғаның нақты себебі белгісіз. Бірақ қоғамда бұл жағдай «кездейсоқтық па, әлде әдейі ұйымдастырылған өлім бе?» деген күмән тудырып отыр. Себебі соңғы жылдары ресейлік ірі мұнай-газ саласының топ-менеджерлері бірінен кейін бірі күдікті жағдайда қайтыс болуда.
Мұндай өлімдер тізбегі мынадай:
1. «Газпромбанк» вице-президенті Владислав Аваев отбасы мүшелерін атып өлтіріп, кейін өз-өзіне қол салды деген болжам жасалды. Алайда бұл нұсқа көп сұрақ тудырды.
2. Бірнеше күннен кейін Испанияда «Новатэк» компаниясының бұрынғы топ-менеджері Сергей Протосеня мен оның әйелі мен қызы өлі күйінде табылды. Ресми болжам – отбасылық драма, бірақ нақты дәлел жоқ.
3. 2022 жылы «Лукойл» директорлар кеңесінің төрағасы Равиль Маганов аурухана терезесінен құлап қайтыс болды. Ресми түрде «өздігінен құлады» делінсе де, бұл өлім де қоғамда сенімсіздік тудырған.
Ресейлік элита арасындағы бұл тізбектелген өлімдер «тазалау» немесе «саяси-экономикалық қақтығыстардың салдары ма?» деген сауалдарды көбейтуде. Әзірге тергеу органдары нақты себептерді ашып айтқан жоқ.
Қазір Андрей Бадаловтың өліміне қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, бірақ көпшілік бұл жағдайдың шындығы айтылатынына күмәнмен қарайды.
Бір анығы – Ресейде ірі мұнай-газ құрылымдарының топ-менеджерлерінің өлімі қалыпты статистикаға айналып бара жатыр.