Елтаңба. Ұлттық идея толық қалыптасқанша, өзгеріс тоқтамайды
Өткен аптада Атырау қаласында өткен үшінші Ұлттық құрылтайда мемлекетіміздің Елтаңбасын өзгерту туралы пікір айтылды. Енді алдағы уақытта Елтаңбамызды өзгерту жұмысы қызу іске асатыны анық.
Біз осы орайда Елтаңбамыздың тарихына үңіліп, алдағы Елтаңбамыз қалай болуы тиіс деген сұрақтың жауабын іздеп көрдік.
Қазақстан Елтаңбасының дизайнына 1992 жылы қаңтар айында байқау жарияланып, 245 жұмыс жəне 67 ұсыныс хат түседі. Кейін белгілі сəулетшілер Жандарбек Мəлібеков пен Шот-Аман Уəлихановтың идеясымен жүзеге асып, 1992 жылы 4 маусымда ресми түрде қабылданады. Содан бері мектеп оқушыларына Елтаңбада бедерленген əр элементтің астарында халқымыздың өткені мен болашағынан хабар беретін символика жатыр деп үйретіліп келе жатқан...
Осы тұста отыз жылдан астам қолданыста болған Елтаңбамызды өзгерту қаншалықты дұрыс деген сауал туындайтыны рас. Ұлттық Құрылтайда тасталған ұсыныстан кейін халық пікірі екіге жарылды. Бір топ қолданыстағы Елтаңбаның артық-кемі жоқ, ойы мен мəні бар маңызды нышан екенін алға тартса, енді бір топ Елтаңбаның жаңа жобасын жасауды дұрыс деп есептейді. Рəмізтану маманы Жібек БолтановаЕлтаңбаны өзгерту идеясына қарсы екенін айтып, «Жас Алашқа» пікір білдірді.
«Ата-бабамыз сан ғасыр армандаған тəуелсіздікке қол жеткізгенде, ең бірінші сүйіншілеп жеткен жақсылық нышаны рəміздер еді. Біз, тəуелсіздіктің алғашқы жылындағы жастар ұлттық рəміздердің дүниеге келуін аса мақтанышпен қарсы алған едік. Елімізде мемлекеттік рəміздер саясатын жүргізетін екі мекеме бар: Геральдикалық жұмыс басқармасы, Геральдикалық зерттеулер орталығы. Алайда рəмізтану маманы жоқ. Əр саланың өнімді ісі, жүйелі жұмысы жылдар бойы тапжылмай тəжірибе жинаған сала мамандарының тұрақтылығынан қалыптасады. Рəмізтану– əлеуметтік-саяси мақсатта қолданылған (ежелгі тотемдік белгілер, ру, тайпа, қаған, қағанат таңбалары, байрақ-тулары, мөр, кірке) рəміз, нышан, белгі, яғни ұлт пен ұлыс, тайпа мен ру таңбаларының сыр-сипатын, шығу тегі мен дамуын, ғылыми жүйелеу, біріздендіру, рəміздік таңбаларды тану, олардың түрлерін, қолданылу аясы жəне түркі өркениетінің тұтас тарихын айғақтайтын байырғы түркі дəуіріндегі рəміздік таңбалардан елтаңбаға дейінгі белгілердің философиясы, семантикасы, символдық мəні, т.б. ұлттық дүниетанымға қатысты мəселелерді қарастырады.
Халқымыздың дүниетанымын, көркемдік талғамын, тіршілік ету тəсілін танытатын таңбалар адамзатқа ортақ ең ескі құндылық. Ол əр елде əртүрлі өлшемдерге байланысты анықталуы мүмкін. Таңба, белгі, нышандар заттың белгісін білдіретін өлі дүние емес, оның пайда болуы ұлттық дүниетаным, ұлттық эстетикамен астасып жатыр. Саяси рəміздердің тарихи генезисі көнеден жеткен алуан түрлі таңбалардан (қаған əулеті таңбасы, мөрі, ру-тайпа таңбалары, т.б.) бастау алады. Мифтік танымнан туындаған таңбалық нышандар уақыт өте келе көркем ойға негіз болғаны секілді, таңбалар да жетілу, даму үрдісінен өтіп, бүгінде жоғары мемлекеттік билік символына айналып отыр. Қазақ халқы «шаңырағың биік, керегең кең, босағаң берік болсын» деп бата береді, шаңырақ, босаға, кереге ұғымдары елтаңбада анық көрініс тапқан. «Көп түрік енші алып тарасқанда, Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?!» дейді Мағжан ақын. Елтаңба дегеніміз, жалпы айтқанда, осы қара шаңырақ туралы киелі əңгіме. Яғни ата-баба мұрасы, ұрпақ еншісі, мұрагер елдің төлқұжаты. Қазақтың сан ғасыр бойы қалыптасқан мəдени-рухани болмысы, таным-түсінігі, салт-дəстүрінен сыр шертетін этномəдени кодтар мен белгілер жиынтығы, баба рухы сіңген аяулы аманат. Мағынасы тұрақты əрі айқын елтаңба атауы дəл табылған термин. Елтаңбаны өзгертуді біз аса құптамаймыз», – дейді.
Рəмізтану маманының айтуынша, шаңырақтың символикалық сипатынан айырылсақ, ұлттық нышанымызға ғана емес, ұлт ретіндегі болмысымыз бен құндылықтарымызға да қауіп төнбек.
«Бүгінгі саяси рəміздерді төл рəміздер, түркі мемлекеттері рəміздері, халықаралық рəміз деп қарастыруға болады. Себебі ұлттық рəміздердің құрылымдық жүйесін түзуде əлем рəміздерінің қағидалары мен жіктелуі нақпа-нақ көшіруге келмейді. Батыстық үлгіде қалыптасқан терминдер этимологиясында империалистік амбицияны көздеген, біздің елдің құндылықтарына қарама-қайшы ұғымдар болуы мүмкін. Мысалы, гербтер – Батыс Еуропа, орыс дворяндарының мұрагерлік белгісі ретінде қабылданады. Еуропалық өркениет негізінде христиандық таным жатыр. Гербтердегі геральдикалық белгі – крест. Патшалар тəжі, гербі, мөрінде бұл негізгі атрибут. Əлемдік тəжірибеде елтаңбасы жоқ елдер де бар, жапондарда елтаңба жоқ, олар ата-баба шежіресін «канон» дейді. Француздарда да елтаңба жоқ, эмблема бар. Дəл сол секілді Түркияда да ресми елтаңба қабылданбаған, олар символ ретінде эмблема қолданады. Елтаңбаны дəл бүгін толықтай өзгертудің өзектілігін көріп тұрған жоқпын. Əлем елдері тəжірибесіне зер салсақ, ел рəміздерін түбірімен өзгертпейді. Тек толықтыру, түзету енгізеді», – дейді Жібек Болтанова.
Ал тарихшы-этнограф Жамбыл Артықбаевтың айтуынша, ұлттық идеямызды бекіткен соң ғана Елтаңбаға өзгеріс енгізген жөн. Бүгінгі жаһанданған дəуірде бірнеше ғасыр бойы қалыптасқан құндылықтар қирап, ескінің орнын жаңасы басып жатыр. Осындай жылдам дəуірде біз əлі күнге ұлт ретінде құндылықтарымызды толық қалыптастырып үлгерген жоқпыз деп есептейді ол.
«Таңбаның қолданысқа енуі түркі халықтарының тарихынан бастау алады. Энеолит дəуірінде біздің жерді мекендеген алғашқы тайпалар жылқыны қолға үйрете бастайды. Сондықтан жаугершілік заманында жылқыға таңба салу арқылы өз меншігін білдірді. Таңба – сол замандағы меншіктің белгісі еді. Кейін араға бірнеше ғасыр салып, Еуропада рыцарлық ордендер, герб жасала бастады. Кейін мемлекеттік, өлкелік герб болып, тұтас эволюцияны бастан кешірді. Түркі халықтарының тарихына көз салсақ та таңбаларды жиі ұшыратып жатамыз. Орхон-Енисей жазуларының басым бөлігін құрайтын 12 əріп таңбаға негізделген. Яғни таңбалар негізінде руна (сына) жазуы пайда болды. Күні кешеге дейін таңбалар арқылы меншікті анықтап жүрдік. Кейін мемлекеттер дербестігін білдіру мақсатында Елтаңбаларды қолданысқа енгізді. Елтаңбаның тарихы осылай жалғаса береді. Ал қазіргі Елтаңбаны өзгерту немесе өзгертпеу керегін мамандар айтқаны жөн. Кез келген елдің рəміздік таңбасында тарихымен қатар, ұлттық идеясы бедерленуі тиіс. Əр ұлттың болашақта алдына қойған нысаны, мақсаты, идеясы болады. Өкінішке қарай, біздің елімізде ұлттық идея нақты қалыптаспаған. Ұлттық идея, ұлт мақсаты пісіп жетілгенге дейін осылай дауласамыз да отырамыз, дəл қазір жаңасын ұсынғанмен ол да уақытша болмақ. Алдымыздағы мақсатты айқындау керек, сол мақсатты орындауға жұмыла кірісу керек, сонда сол мақсатты айшықтайтын Елтаңба өзінен-өзі пайда болады», – дейді тарихшы.
Ал əлеуметтік желі қолданушыларының басым бөлігі қазіргі қолданыста жүрген Елтаңбаның Кеңес өкіметі кезінде қолданыста болған гербке ұқсайтынын алға тартып, өзгеріске оң көзқарас танытуда. Соның ішінде, жас дизайнерлер қазіргі Елтаңбаны КСРО Гербінің мұрагері санап, Елтаңбаның төбе тұсындағы жұлдызды, шуақ тəрізді уықтарды өзгерту керек деген ұсыныс білдірген.
Елтаңбаны өзгерту туралы ұсыныс алғаш айтылып отырған жоқ. Осыдан бір ай бұрын «Жаңа адамдар» деп аталатын жастар қозғалысы Елтаңба туралы сауалнама жүргізген еді. Нəтижесінде, сауалнамаға қатысқан 500 адамның 70%-ы елдің Елтаңбасын танымай, оны өзгерту керек деген ой айтады.
Сəруар Бақберген
Фото: turkistan.kz