Перизат Қайрат ісі бойынша шығын 3,5 миллиард теңге болған - ҚМА

Мұны Қаржылық мониторинг агенттігі мәлімдеді.
Қазір іс аяқталып, таныстыру процесі бітіпті. Бірнеше күннен соң іс прокуратураға жолданады.
"Іс аяқталды, таныстыру процесі бітті, қазір өтінішті қабылдау және оларға жауап беру рәсімі жүріп жатыр. Істі бірнеше күннен кейін прокуратураға жолдаймыз", – деді Жеңіс Елемесов.
Агенттік өкілі істе жәбірленуші көп екенін айтты. Астанада өткен ғылыми конференциядан кейін журналистердің сұрақтарына жауап берген Жеңіс Елемесов зардап шеккендердің нақты санын атай алмады, себебі олардың “өте көп” екенін жеткізді.
Бұған дейін, 2024 жылы 14 қарашада ерікті Перизат Қайрат су тасқынынан зардап шеккендерге жиналған 1,5 миллиард теңгені жымқырды деп күдікке ілінген. Сондай-ақ, ол Палестинаға жиналған қаражаттан тағы 200 миллион теңге жымқырған.
Ол қайырымдылық қорының ақшасына 16 кәсіп ашқан. 14 наурызда Перизат Қайрат пен анасы Ғайни Алашбаеваға алаяқтық және ақшаны жылыстату бабы бойынша айып тағылды. Перизат Қайрат 2021-2024 жылдар аралығында қайырымдылық көмек көрсету мақсатында халықтан ақша жинаған. Оның айтуынша, бұл қаражаттар мұқтаж балаларға, Палестина және су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін жұмсалмақ болған. Тергеу барысында олардың табиғи апаттан зардап шеккендерге көмектесеміз деген желеумен "Biz Birgemiz Qazaqstan 2030" қоры арқылы 3,5 миллиард теңгені жымқырғаны анықталды.
Қаражатты заңдастыру үшін Перизат жоқ тауарларды жеткізуге жалған келісім-шарттар құрған. Қылмыстық табысты жымқыру мақсатында ол 16 серіктес жеке кәсіпкерлермен металдан жасалған киіз үйлер, қайықтар, етіктер және басқа да заттарды жеткізу жөнінде жалған келісімдер жасасқан. Алайда бұл келісімдер іс жүзінде орындалмаған. Бұл 1 миллиард теңгеден астам қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыруға мүмкіндік берген:
- Rolex сағаттары (6,9 миллион);
- 4 автокөлік және 4 пәтер;
- гүл бизнесі (23 млн.);
- басқа да сәнді заттар.
Осылайша миллиард теңгеден астам қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылып, жеке мақсаттарына жұмсалған. Бұл соманың 72 миллион теңгесі оның анасы Ғайни Алашбаеваның есепшотына "Солтүстік Қазақстан облысындағы зардап шеккен тұрғындарға тұрмыстық техника сатып алу" деген сылтаумен аударылып, кейін ол Перизат Қайрат арқылы қолма-қол ақшаға айналды.
Ақшаның бір бөлігі сомасы 6,9 миллион теңге құраған "Rolex" сағатын сатып алуға жұмсалған. Палестинаға көмек көрсету үшін жиналған қаражаттың бір бөлігі 2024 жылдың қаңтарында Перизат Қайрат "Rebel flowers" ЖШС сатып алуға жұмсалған. Оның құны 23 миллион теңге болса да, ол келісімшартта күдік туғызбау үшін 2 миллион теңгеге төмендетілген соманы көрсеткен. Гүл бизнесінен түскен табысы 69 миллион теңге болды.
Тергеу деректеріне сай, ұрланған қаражатқа 4 автокөлік, 4 пәтер, 2 автотұрақ орнын, үй, жер телімін және ғимарат сатып алынған. Сонымен қатар жалпы құны 158 миллион теңге болатын зергерлік бұйымдар, аяқкиім және сөмкелер тәркіленді. Жалпы құны 865 миллион теңге болатын қылмыстық жолмен алынған мүлікке тыйым салынды. Ғайни Алашбаеваға қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданды.
Перизат Қайрат өз кінәсін мойындамаған.