Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:15

Перизат Қайрат жалған құжатпен қор құрғаны анықталды

Қайрат
Фото: zhasalash.kz

Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов Biz Birgemiz қорының жетекшісі Перизат Қайратқа қатысты тергеу ісі бойынша жаңа мәліметтерді жариялады.

Оның айтуынша, бұл даулы іске қатысты 100-ден астам том жиналған. Тергеу барысында Перизат Қайрат Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қоғамдық бірлестігін тіркеу кезінде құрылтайшылардың қолдарын қолдан жасап, жалған құжат тапсырғаны анықталған.

—Бұл деректі біз жедел-іздестіру шаралары арқылы өзіміз анықтадық. Кейін қылмыстық іс тіркеліп, тергеу басталды. Қоғамдық ұйымды құру кезінде құрылтайшылардың қолдарын қолдан жасап, әуелден-ақ “инвесторларын” алдауды мақсат еткен, -деді Елемесов Qoqam News бағдарламасында.

Айта кетейік, Перизат Қайрат қоғамда еріктілер қозғалысын дамытуға қосқан үлесімен танылған. Ол су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету, Газа секторына гуманитарлық миссия ұйымдастыру сынды түрлі қайырымдылық бастамаларымен көзге түскен.

Алайда 2024 жылғы 14 қарашада Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) Перизат Қайраттың 1,5 миллиард теңгені жымқырды деген күдікке ілінгенін хабарлады. Бұған қоса, 2023 жылдың қарашасында Палестина халқына гуманитарлық көмек ретінде жиналған қаражаттың 200 миллион теңгесін жеке мақсатына жұмсады деген айып тағылды.

ҚМА мәліметіне сәйкес, 2023 жылғы желтоқсанда Перизат Қайрат дәл осы қаражаттың есебінен Нұр-Сұлтандағы элиталық Sensata Plaza тұрғын үй кешенінен 49 миллион теңгеге үш бөлмелі пәтер, сондай-ақ 30 миллион теңгеге Mercedes-Benz EQE 500 4Matic көлігін сатып алған.

2024 жылдың 16 қарашасында Астана тергеу соты оны екі айға қамауға алу туралы шешім шығарды. Ал 13 желтоқсанда оның элиталық пәтерлері мен автокөліктері бұғатталып, үйінде тінту жүргізілген. Тінту барысында қайырымдылық қаражатқа сатып алынған жоғары құнды техника мен әлемдік брендтердің (Cartier, Graff, Rolex, Bulgari, Gucci, Louis Vuitton, Versace, Chopard, Hermes, Dolce & Gabbana, Prada және т.б.) киімдері, зергерлік бұйымдары, аяқкиімдері мен сөмкелері тәркіленді.

Ол сондай-ақ СИЗО-да соққыға жығылғанын айтқан еді

Іс бойынша сот процесі жалғасуда.