Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара бекеті бір жарым жылға жабылады

Қазақстан мен Ресей шекарасындағы «Сырым» автокөлік өткізу бекетінде ауқымды жаңғырту және қайта жөндеу жұмыстары басталады.
Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы ресми мәлімдеме таратты.
Аталған құрылыс жұмыстарына байланысты 2025 жылғы 4 тамыздан бастап 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін «Сырым» өткізу пункті уақытша жабылады. Осы кезеңде:
- жеңіл автокөліктер мен жолаушылар автобустарының шекарадан өтуі тоқтатылады;
- тек жүк көліктеріне рұқсат беріледі, олар алдын ала электрондық кезек жүйесі арқылы тіркеліп өте алады (тәулігіне 200–250 көлік шамасында).
Еске салайық, бұған дейін «ҚазАвтоЖол»-дың Батыс Қазақстан облыстық филиалы шекарадағы шектеулердің енгізілуі кейінге қалдырылғанын хабарлаған болатын. Енді нақты мерзім бекітіліп, құрылыс жұмыстары белгіленген жоспар бойынша басталмақ.
«Сырым» бекетінің жабылуына байланысты жүргізушілерге төмендегі шекара бекеттерін пайдалану ұсынылады:
- «Шаған» (ҚР) / «Тёплое» (РФ) – екіжақты өткізу бекеті. Қазақстан және Ресей азаматтары үшін қолжетімді.
Орналасуы: Орал қаласынан Ресей шекарасына дейін 33 км (KZ07-01 жолы).
- «Ақсай» (ҚР) / «Илек» (РФ) – халықаралық өткізу бекеті.
Орналасуы: Подстепное – Федоровка – Ресей шекарасы бағыты, 144 км (KZ07-04 жолы).
- «Тасқала» (ҚР) / «Озинки» (РФ) – халықаралық өткізу бекеті.
Орналасуы: Орал – Тасқала – Ресей шекарасы бағыты, 104 км (KZ07-06 жолы).
Осы бағыттар уақытша балама ретінде қолданылып, транзит пен жүк тасымалын үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
ҚазАвтоЖол алдағы жұмыстар кезінде жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтау үшін тиісті шаралар қабылданатынын хабарлады. Жаңғырту аяқталғаннан кейін «Сырым» бекетінің өткізу қабілеті айтарлықтай артып, заманауи стандарттарға сай қызмет көрсетуі жоспарланып отыр.