Нұрғиса ағаның дирижерлігі бәріне үлгі

1981 жылы желтоқсанда «Отырар сазы» ансамблі құрылды. Қарашада ансамбльді құру, дайындық жұмыстары жүрді де, бір айдан кейін аға концерт беріп жіберді.
4-5 желтоқсан күндері Сейфуллин көшесі мен Бөгенбай батыр көшесінің қиылысындағы, сол кездегі филармонияның концерт залында өтті. Ол кезде студентпін. 5-курста оқимын. Ректорымыз Ғазиза Жұбанова еді. Тәрбиелі, керемет кісі еді. 1979 жылы 1-курстан «Құрманғазы» оркестрінің құрамында болдым.
Жалпы Нұрағаңа қатысты қазір айтылып жүрген әңгімелерде өтірік ақпарат көп. Ол кісіге арнап түсірілген фильмдер де өтірік. Фильмді толық көре алмадым. Себебі сол – өтірік факт, өтірік адам көп. 2 томдық партитуралар жинағы шығып еді, онда да қате көп.
5-курста ағаның үйінде жатып оқыдым. Қазіргі музей боп тұрған үй. Әрине, ол кездегіден айырмашылық бар. Яғни іші қазіргідей емес, басқаша болатын.
1980 жылы Нұрғиса аға «Құрманғазы» оркестріне келді. Ол кезде оркестрдемін. «Шымкентке гастрольге барамыз» деді. Дирижеріміз Шамғон Қажығалиев мені жақсы көретін, гастрольден қалдырмайтын. Сөйтіп гастрольге дайындық басталды. Үш-төрт күннен кейін біреуден домбыра сұрап алдым да, Нұрағаңа кеп: «Аға, мен сізгі бір күй ойнап берейін бе?», – дедім. «Ойна», – деді. Өзімді мазалап жүрген екі күйім бар еді, соны ойнап бердім.
– Әй, сен қай ауылдансың? Қай жердің баласысың? – деді.
– Жамбыл ауданынан, музей Жамбылдан, – дедім.
– Кімнің баласысың?
– Шаштайдың.
– Аға аман ба? – деді.
– Аман, – дедім.
– Сәлем айт менен, – деді.
Не жақсы, не жаман демеді. Біздің ауылдың адамдарының мінезі сол. «Бара бер, өзім тауып аламын», – деді.
Бір жылдан соң көшеде кездесіп қалдық. Жұмысқа бара жатыр едім.
– Қайда жүрсің? – деді.
– «Құрманғазыдамын», – дедім.
– Былай істеші. Сен «Отырар сазына» ауысшы, – деді.
Оркестр құрылып жатқанын естігем. Арызымды жазып, Шамғонға бардым. Ұрсатынын біліп, қорқақтап тұрмын. Арызымды лақтырып жіберді.
– Жібермеймін сені, мен саған ең жоғары айлық қойдым. Қалай кетесің? – деді.
– Жарайды, – деп шығып кеттім.
Кейін Нұрағаң өзі сөйлессе керек. Бір айдан кейін арызыма қол қойып берді. Бірақ біразға дейін өкпелеп жүрді Шамғон ағам. Кейін «Сүйінбай сазы» күйім шыққанда, соны тыңдапты. Бір жолыққанда: «Әй, сенде бірдеңе бар екен ғой», – деді сыбырлап, тиісіп сөйлейтін қызық мінезіне салып. «Саған деген пікірім өзгерді», – деді сосын. Сөйтіп Шамғон ағаммен де қайта табыстық.
1981 жылы «Отырар сазы» ансамбль боп құрылғанда құрамда жеті-сегіз музыкант болды. Мен тоғызыншы боп келдім. Бәрі де консерватория бітірген, сауатты музыкант болды. Ермұрат Үсенов, Ақылбек Ержанов, Серік Елемесов деген талантты жігіттер болды. Бір-екі айда тағы үш-төрт адам қосылды. Жазда 17 адамға жетті. Аға Дінмұхамед Қонаевты оркестр жасаймын деп мазалай берді. Өзі Қонаевтың жұмыс телефонына бір парольді теріп, тікелей шығатын. Нұрағаңның беделі осыдан көрінер еді. «Жарайды, Нұреке, үлкен кісіге айтайын» депті Қонаев. Сөйтіп қазан айында оркестр құрылды. Жас музыканттар келе түсті. Сөйтіп қызу тіршілік басталды.
Нұрғиса ағадан басқа адам болса, «Отырар сазын» мынадай деңгейге жеткізе алмас еді. Оған дау жоқ. Ол кісінің бір кереметі – бәрін тиянақты істейтін. Әу баста репертуар болған жоқ. «Кеңес» сияқты ескі күйлерді орындап жүрдік. Нұрағаң соның орнын толтырды – жаңа әндер, жаңа күйлер түсірді.
Бір күні Нұрағаң:
– Ансамбльге сенің күйіңді түсіреміз, үйге жат, – деді.
Нұрағаңның трактовкасы сұмдық еді ғой. Өз күйімді өзім танымай қалдым.
– Ал, тарт, – деді.
«Сүйінбай сазын» тарттым. Тыңдап болды да:
– Шала туған сволочь, – деді.
Сосын: – Ол былай болады, – деп, домбыраны өзі қолына алды. Күйім Нұрағаның тартуында түрленіп сала берді.
– Міне, осылай жазасың. Ортасына 24 такт тастайсың, – деді. «Сүйінбай сазын» сұмдық жақсы көруші еді.
Ағаның музыкалық қабілеті асып-төгіліп жатқан қабілет қой. Бізде Нұрағаңның деңгейіндегі музыкант болған жоқ. Әрине, Құрманғазы, Дәулеткерейдің, Қазанғаптың жөні бөлек. Мен өз заманы тұрғысынан айтып отырмын. Ал Нұрағаң бүкіл дәуірдің музыкасын қамтыды.
Мен неге Нұрғисаның жанында жүрдім? Менің бір мінезім – бетің бар, жүзің бар демей, тіке айтамын. Репетиция кезінде ағаға да солай, «мынау дұрыс», мынау дұрыс емес» дегенді айта салатынмын. Бір жетіден кейін менікінің дұрыс екеніне көзі жететін ағаның. «Әкеңнің аузын ұрайын, мынау дұрыс айтады-ей» деп отыратын. Сол мінезімді ұнатқан болса керек.
Ағаның оркестрмен жұмыс істеуі, адамдармен қарым-қатынасы өте керемет болатын. Оркестрмен жұмыс істеуі – бәріне үлгі боларлық. Қазіргі дирижерлер ол кісідей жұмыс істей алмайды. Сырт киімін шешініп тастап кірісетін жұмысқа. Оркестрді бақайшағына дейін жұмыс істететін. Шығаратын дыбыстың бәрін шығарады, құмығып тұрған дыбысты суырып алатын. Содан кейін ойнамай көр.
Нұрғиса аға 1960 жылдары «Құрманғазы» оркестріне Құрманғазының «Серперін», Түркештің «Көңілашарын» түсіріпті. Төрт-бес жыл бұрын «Құрманғазы» оркестрінің концертіне бардым. Сонда «Серперді» орындады. Бірақ басқа вариант. Күйдің өзі күшті-ақ, бірақ оркестровка дұрыс емес. Келесі концертте орындалмады, өздері-ақ алып тастады. Сірә, өтпегенін білді. Міне, Нұрғисаны өңдеудің керегі жоғының мысалы.
Аға сазсырнай, бас домбыра, жетіген, шаңқобыз секілді төрт-бес аспаппен «Сырласу» деген дүние жазды. Репетиция кезінде аяқ астынан шыққан еді. Керемет дүние боп еді, кейін ұмытылып кетті. Нотаға да түсірілмеді. Соны қалпына келтірсем бе деп жүрмін. Өте қарапайым, бірақ бейнелі саз болатын.
Нұрғиса аға «Бала Мишка» мен «Арманды» әкемнің күйі деп тартып жүрді. Бір күні:
– Аға, сіздің өз күйіңіз болу керек. Нұрғисаның күйі болу керек, – дедім.
Бір күні таңертең маған звондады. Жолдастарымның үйінде едім.
– Кел, – деді. Келдім. Таңғы жетінің кезі еді. Нота жазды. Аға ешқандай аспапсыз, нотаны диктант жазғандай жазатын. Мен көшірдім. 2 сағат жаздық. Жұмысқа келген соң партитураны жайып тастады. Оркестрді қосты. Гүр етті. Міне, «Әлқисса» осылай өмірге келді. Екі күннен соң концертте орындадық.
«Әлқиссамен» бірге «Ақсақ құланды», «Қарасай батырды» ағаға өзім қоймай жүріп оркестрге жаздырдым. Соған қуанамын.
Аға үнемі әңгімесінің басын Ахмет Жұбановтан бастайтын. Дина Нұрпейісованы, Қали Жантілеуовті қатты құрметтейтін. Жастардан Айгүл Үлкенбаеваның ойнағанын жақсы көретін.
Қайбір жылы Нұрағаңмен бірге Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданына бардық. Ол кезде Қали Жантілеуов сонда тұрады. Қали аға домбыра тартпады. Қартайып қалған екен. Нұрағаң ол кісіге баласындай еркелеп жүрді. Сонда Нұрғиса аға айтқаны, Қали аға оркестрде концертмейстер екен. Екеуі сахнаға шыққанда домбыраларының басы айқасып келеді. Нұрағаң солақай ғой. «Сен оқыған адамсың ғой, екеуміз екі жаққа отырайық» дейді екен Қали аға. Сондай көп әңгімелерді күліп айтқаны есте қалды.
1984 жылы болса керек, Мәскеуге шығармашылық концерт беруге бардық. Нашарлау бір қонақүйде жаттық, біздің бөлмеде телефон жоқ. Концертке бір күн қалған еді. Көрші бөлмеде Қабылқақ Барлықов деген ағамыз жатты. Сол кісі жүгіріп келіп: «Сені телефонға шақырып жатыр», – деді.
Барсам Нұрағаң екен, дауысы қарлығып шығып тұр. Жайы белгілі.
– Әй, сенің ақшаң бар ма? – деді.
– Бар, аға, – дедім.
Кеше соңғы бір сомды Нұрбақыт екеуміз құртқанбыз.
– Сен маған 50 сом әкел, – деді аға.
– Жарайды, – дедім. – Сіз маған 100 сом дайындап қойыңыз.
Ағам қарқылдап күлді.
– Кел, – деді сосын.
Метроға мінетін ақшамыз жоқ. Ғалия деген қобызшы қызымыздың коньяк алып тұрғанын көріп қалдым да оған:
– Коньягың керек боп тұр. Маған бер. Ағаға бару керек. Алматыға барған соң берем, – дедім. Ала бер деп берді ол.
Нұрбақыт екеуміз ағаға келдік.
– Әй, жетімдер, қалайсыңдар? – деді бізге.
Сәлден соң официант екеумізге тамақ әкелді. Сосын газеттің астында жатқан портфельді нұсқады.
– Аш, – деді.
Ашсам, ештеңе жоқ. Ар жағынан бір коньяк шықты. Үшеуміз тең бөліп іштік. Біз әкелген коньякты көрсетпей отырғам. Бірақ оны ағам байқап отыр. Оны да бітірдік. Кешке концерт.
– Ал, жақсы, біз қайтайық, – дедік сосын.
– Тоқта, – деді. – Паспортты әкел.
Шкафта тұрған паспортын алып бердік. Ішінде 100 сом бар екен. Екеумізге 25 сомнан берді де:
– Ауылға сарқыт апарыңдар, – деді.
Сосын: – Әй, сендердің ақшаларың кеше бітті ғой, Неғып үндемедіңдер? – деді.
Не айтарымызды білмедік. Міне, Нұрағаң осылайша бәрін сезіп-біліп, қамқор болып жүретін.
Дүйсебай ШАШТАЙҰЛЫ,
күйші-композитор,
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері