Украинаның бұрынғы президенті 15 жылға сотталды

Киевтің Подольск аудандық соты Виктор Януковичті шекараны заңсыз кесіп өту және әскери қызметкерлерді дезертирлікке үгіттеу бойынша кінәлі деп таныды.
Тергеу мәліметінше, 2014 жылдың 23 ақпанында Янукович Ресей өкілдерінің келісімі мен көмегі арқылы өзіне ең жақын адамдарды және мемлекеттік күзет қызметінің бір бөлігін Украинадан эвакуациялаған.
Ол шекараны ресми өткізу бекеттерінен тыс жолмен өткен: тікұшақтар колоннасы Донецк облысындағы Урзуф ауылынан Ресейдің Ейск әскери аэродромына ұшқан, одан әрі Қырым арқылы Янукович теңіз жолымен Ресейге жеткізілген. Онымен бірге бірнеше мемлекеттік күзет офицері де дезертирлік жасаған.
Еске салайық, бұл Виктор Януковичке шығарылған екінші сырттай үкім. 2019 жылы ол мемлекеттік опасыздық үшін 13 жыл бас бостандығынан айырылған болатын.