Трамп Қазақстанды Израильдің одақтасы еткісі келеді

Дональд Трамп Қазақстанды және Орталық Азиядағы өзге де мемлекеттерді Израиль мен бірқатар мұсылман елдері арасында жасалған “Авраам келісімдеріне” қосу мүмкіндігін қарастырып жатыр.
Бұл туралы Reuters агенттігі бес дереккөзге сілтеме жасай отырып хабарлады.
Орталық Азия – Трамптың жаңа бағыты
“Авраам келісімдері” — 2020–2021 жылдары, Трамптың алғашқы президенттік мерзімінде басталған дипломатиялық бастама. Ол кезде төрт мұсылман мемлекеті Израильмен ресми қарым-қатынасты қалыпқа келтіруге келісім берген болатын. Құрама Штаттар бұл процесте негізгі делдал рөлін атқарды.
Reuters мәліметінше, Трамп әкімшілігі қазіргі таңда бұл келісімді кеңейтіп, жаңа қатысушыларды тартуды көздеп отыр. Азербайжан — тізімдегі бірінші үміткер. Бірақ Қазақстан да назарда тұр.
«АҚШ-тың бастамасымен әзірбайжандық лауазымды тұлғалар Орталық Азия елдеріндегі әріптестерімен байланысып, олардың Авраам келісіміне мүше болуға деген ықыласын бағамдаған. Бұл тізімде нақты қай мемлекеттердің бары әзірге белгісіз, бірақ Қазақстан соның ішінде», - деп жазады Reuters.
Орталық Азия елдерінің Израильмен дипломатиялық және сауда байланыстары бұрыннан бар. Сондықтан олар үшін бұл келісімге қосылу – тек формалды қадам ғана болуы мүмкін. Алайда Вашингтон үшін бұл қадам Сауд Арабиясына саяси қысым көрсету тетігі ретінде қарастырылып отыр.
АҚШ Мемлекеттік департаменті бұл бастамаға қай елдердің тартылатыны туралы нақты ақпарат беруден бас тартты. Дегенмен, Дональд Трамптың сыртқы саясатындағы басты басымдықтардың бірі – Авраам келісімін кеңейту екенін растады.
Айта кетейік, осы арада Алматыда белгілі жазушы Дина Рубинаның әдеби кеші өтпейтін болды. Бұған оның Газа секторының тұрғындарына қатысты өткір пікірлері себеп болған. Әлеуметтік желі қолданушылары жазушының сөзіне наразылық танытып, ұйымдастырушылар іс-шараны тоқтатуға мәжбүр болды.
Еске салайық, Авраам келісімдері — Израиль мен мұсылман елдері арасындағы бейбіт келісімдер. Бұл атау еврей, мұсылман және христиан діндері үшін ортақ тұлға — Ибрахим (Авраам) пайғамбардың құрметіне берілген.