Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:20, 31 Қазан 2023

"Белгісіз" куәлердің сұрауымен Марат Жыланбаевтың соты жабық режимге ауыстырылды

уллц
Фото: из открытых источников

Құқық қорғаушылар оны саяси тұтқын деп таныған.

Астанада 30 қазанда "Алға Қазақстан" тіркелмеген оппозициялық ұйымының жетекшісі Марат Жыланбаев ісі бойынша алдына ала сот тыңдауы басталды.

Биыл мамыр айында бейбіт акцияға қатысқаны үшін Марат Жыланбаев әкімшілік қамауға алынып, одан соң "тыйым салынған ұйым жұмысына қатысты", "эктсремистік ұйымды қаржыландырды" деген айыппен үстінен қылмыстық іс қозғалған. Жыланбаев пен оның жақтастары тағылған айыптың саяси астары бар деп санайды.

Дүйсенбіде Астана қаласының қылмыстық істер бойынша ауданаралық мамандандырылған сотында алдын ала тыңдау өтті. Белсендіні қолдау үшін сотқа жақтастары келді.

Судья Кәрімов осы іске қатысып отырған, "Роза" және "Бариста" деген лақап аты бар екі куәгерден істі жабық өткізуді сұраған өтініш түскенін мәлімдеді.

- Олар өздері мен жақын туыстарына белгісіз адамдар қоқан-лоқы көрсетіп, қысым жасағанын айтты, - деді судья.

Оған жауап ретінде Жыланбаевтың адвокаты сотқа сенімсіздік білдірді.

— Сіздің хатшыңыз бәрінің аты-жөнін жазып отыр. Бұл ашық процесс, сондықтан сотқа қатысушылардың барлығының аты-жөні айтылуға тиіс. Мұнан өзге сіз алдын ала сот тыңдауында сотты жабық өткізу мәселесін ғана қойып отырсыз. Конституция мен Қылмыстық-процестк кодексті бұзғаныңызға байланысты сізге сенімсіздік білдіремін,- деді адвокат Досқараев.

Марат Жыланбаев та сот процесін ашық жүргізуді сұрады.

— Сотты жабық өткізу - заңға, конституцияға қайшы. Ешқандай тәртіп бұзған жоқпын, мұны сотта дәлелдегім келеді. Егер жабық сот болатын болса, мені "қанша берсе" сонша уақытқа қамайды,- деді ол.

Судьяға сенімсіздік білдіру туралы ұсынысты сот қайтарып тастады. Үзілістен кейін сот 2 қарашада жабық өтетіні белгілі болды.

Үзіліс кезінде Азаттық тілшісімен сөйлескен Марат Жыланбаевтың айтуынша, абақтыда жанына терісінде зеңді жарасы бар науқас пен ауыр қылмысы үшін сотталған адамды отырғызған. Белсенді мұны қысым деп бағалаған, содан соң өзге камераға ауыстырған.

Марат Жыланбаев "шындық үшін қамалғанын, өз құқығы үшін күрескенін", ол үшін өмір бойы қамаса да өкінбейтінін айтты.

Марат Жыланбаевты бес айға жуық тергеді. 12 қазанға белгіленген алғашқы сот отырысы кейінге қалдырылған.

Кейінгі кезде билікті қатаң сынап, бейбіт акцияларға қатысып келген 60 жастағы белсенді Марат Жыланбаев "тыйым салынған ұйымның ісіне араласу" және "экстремистік ұйымды қаржыландыру" баптары бойынша күдікке ілініп, мамыр айында қамалған. Соңғы рет оның қамау мерзімі 20 қазанға дейін ұзартылған. Танымал марафоншы, азаматтық белсенді Марат Жыланбаев тағылған айыптарды жоққа шығарған. Азаттық радиосының жазуынша, құқық қорғаушылар қауымдастығы оның ісінің саясиланғанын айтып, оны саяси тұтқын деп таныған. 

"Енді айыптың бәрі осы Мараттың митингіге шыққаны, билікке қатысты айтқан сындарына қатысты. Биыл парламент сайлауында адамдар оны қолдап, ақша жіберді ғой. "Алға, Қазақстан" партиясын құру бойынша ұйымдастыру тобының адамдары сайлауға қатысамыз деп ниет білдірген адамдардың барлығына оларға да түскен ақшадан жәрдемдесті ғой. Енді соны "терроризмді қаржыландыру" дейді. Қайдағы терроризм? Қайдағы қаржыландыру? Қаржының барлығы сайлауға қатысу жарнасы бар ғой (1 млн теңгеден астам қаражат) соларға кетті ғой. Бір тиын да Жыланбаевтың қалтасына түскен жоқ" дейді адвокаты Мейіржан Досқараев.

Марат Жыланбаев биыл кезектен тыс парламент сайлауына депутаттықтан үміткер ретінде тіркелген. Билік "ерте үгіт-насихат жасады" деп айыптап, кандидаттар қатарынан алып тастады.

Өзінің сайлауалды бағдарламасында Жыланбаев Қаңтар оқиғасын тергеуді, қантөгістен зардап шеккендерге өтемақы төлеуді, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев пен оның отбасына қатысты тергеу жүргізуге шақырған.

Билік ол тіркемек болған оппозициялық "Алға, Қазақстан" партиясының тіркеу туралы өтінішін талай кері қайтарды.

Әлемнің 39 елінде демократия белсенділері мен құқық қорғаушылар, адвокаттар мен журналистерді біріктіретін World Liberty Congress үкіметтік емес ұйымы жуырда "Марат Жыланбаев жөн-жосықсыз ұсталды" деп таныған.