Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
20:21, 07 Ақпан 2024

Салық кодексі. Белгісіздік пен бұлыңғырлық

кодекс
Фото: из открытых источников

Қазақстандағы салық заңнамасы тұрақсыздығымен танымал. Соңғы бес жылда салық кодексі 54 рет өзгертуге ұшыраған, 2009 жылдан бері 2300-ден аса бабына түзетулер енгізілген.

Көптен бері талқыға салынып келген Салық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң ресми түрде жарияланып, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді. Осы өзгерістер мен жалпы салық жүйесі туралы экономика ғылымының кандидаты Ғалымжан Керімбектің пікірін ұсынамыз.


Салықтағы соңғы өзгерістер


Тәуелсіздік алғалы салық саласында 7 үлкен реформа болды. Соның ешбірі де салық жүйесін жеңілдете алмады. Заңдарды қайта жазудан ауыз толтырып айтарлық нәтиже шыққан жоқ, қайта кәсіпкерлер мен отандық бизнес жаңа проблемаларға тап болды. Статистикаға сүйенсек, 2010 жылдан 2022 жылға дейін салықтың ЖІӨ-ге қатынасы ұлттық қорға түсетін түсімді есепке алғанда 24-26 пайыздан 16-21 пайызға, есепке алмағанда 13-15 пайызға дейін төмендеген. Енді үкімет ұлттық қорды 2030 жылға дейін 100 млрд долларға жеткізу мақсатында салық кодексіне өзгерістер енгізуді бастады. Бұл орайда екі тәсіл қарастырылып отыр. Біріншісі, әлбетте көлеңкелі экономикамен күрес арқылы салық базасын ұлғайту. Осы бағытта әкімшілендіру мен цифрландыруды жетілдіру жағы қарастырылып, өзгерістер енгізілді. Соңғы өзгерістерге сәйкес, салық төлеуші фискалдық органдарға бірден ақпарат жіберетін функциясы бар бақылау-кассалық аппаратын қолданса, оған ауысымдық есептерді, қолма-қол ақшаны есепке алу кітаптарын және түбіртектерді (чек) сақтаудың қажеті жоқ. Бұл өз кезегінде артық жұмысты азайтады. Және біраздан бері шу болып жүрген жалпыға бірдей декларациялаудың мерзімі өзгеріп, декларация мен есепті осы жылдың 15 қыркүйегінен кешіктірмей тапсыру керектігі хабарланды. Ал екінші тәсіл – салық ставкасын өсіру. Қазір ұлттық экономика министрлігі қосылған құн салығының мөлшерлемесін 12 пайыздан 16 пайызға дейін арттыру жағын қарастыруда. Салықты осылайша көбейту бюджетке қосымша 2-2,4 трлн теңге түсіреді деп болжанған.
Бөлшек сауда салығы да өзгеріске ұшырады. Бұған дейін аталған салық бизнестегі дағдарысқа қарсы шара ретінде 2021 жылдың 1 қаңтарынан 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін күшінде болды. Соның негізінде кәсіпкерлер жеке немесе табыс салығының үш пайызын төледі. Бірақ 2023 жылдан бастап бөлшек сауда салығы тек қоғамдық тамақтандыру саласында ғана қалды да, бөлшек сауда салығы шектеусіз жұмысқа көшті. Алайда өткен наурызда сенат салық заңнамасына түзетулер енгізіп, бөлшек сауда салығын жалдамалы жұмыскерлерінің саны 200 адамнан аспайтын, ал табысы күнтізбелік жылда екі миллиард теңгеден аспайтын кәсіпкерлер қолдана алатын болды. Бірақ бұл заң да талқылауды қажет етеді. Себебі алғашқыда 100 шақты қызмет түрі кірсе, соңғы деректер бойынша бұл тізім 364-ке жеткен. Әрі жергілікті мәслихаттардың араласуы тағы бар.

 
Қазақша кодекс қараусыз қалғалы қашан...
Өзгерістерге көз ілеспей жатқанын айттық. 2001 жылдан бері елімізде салық кодексі бірнеше мәрте қабылданды, мыңдаған түзету мен өзгертулер енгізілді. Бұл бизнес үшін белгісіздік пен бұлыңғырлыққа пара-пар. Әрі жыл сайынғы жаңалықтарға бейімделу мен оны орындау қосымша ресурсты талап етеді. Мәселенің түбірі қайда десек, өзгерістерді жасап отырған – кабинеттен шықпайтын мамандар. Әрине, теоретиктер өз білгенінше керемет өзгерістер құрастыруы мүмкін. Бірақ мал бағып жүрген шаруаның, саудада тұрған халықтың жайы назардан тыс қалып қойып жатыр. Салық мамандары туралы тағы бір айта кетерлік жайт, салық органдарының арнайы мәртебесі жоқ және басқа мемлекеттік мекемелермен үйлестіру жұмыстары нашар. Осының бәрі жалпы нәтиженің сапасына кері әсер етеді. Сондықтан кадрлар мен мекемелер арасындағы байланысты реттеу қажеттілігі бар деп айтуға болады.


Сонымен қатар аударма мамандары мен аударма сапасы да сын көтермейді. Қазіргі Салық кодексін қазақша оқып түсіну тіпті қиын. Ішіндегі ұғымдар мен терминдерге дейін немқұрайды тәржімаланған. Мәселен, «қосымша құн салығы» емес, «қосылған құн салығы» болуы керек. Орысшасы «налог на добавленную стоимость». Сіз тауарды 100 теңгеге алып, 120 теңгеге сатсаңыз, үстіне қосылған 20 теңгеден салық төлейсіз. Ал «қосымша» деген сөзді пайдалану ұғымның мәнін ашпайды. «Жылдық жиынтық табыс» дегенді де, «жылдық жиынтық кіріс» деп қате берген. Бұл екеуі процесте мүлде екі түрлі, бір-бірімен ұшыраспайтын нәрселер. Мұндай мысалдар өте көп. Көріп отырып, қарның ашады, тастай саласың. Аударма мәтінінің түсініксіздігі сонша, кодекс тек орысша қолданылады, қазақшасы қараусыз қалған. Орысшасының өзі тым ұзақ әрі шұбалаңқы. Қолайлы болуы үшін кодексті ықшамдап, қайта реттеу керек. Әсіресе заңдар мен нормалардан мәнсіз түсіндірмелерді алып тастаған дұрыс. Өйткені заң салық төлеуші үшін түсінікті және қолдануға ыңғайлы болуы шарт. Бірақ бұл мәселе көптен бері айтылып келе жатса да, шешімін таппай келеді. Мемлекеттің табыс көзі – сауда, яғни экспорт пен импорт, ал салық – кіріс. Сондықтан экономиканың өсуі осы салық саясатының түсінікті жүргізілуіне тікелей байланысты. Әрі ашық салық жүйесін қалыптастыру арқылы кәсіпкерді ынталандырып, белсенділікті арттыру қажеттілігі тағы бар.


Қосылған құн салығында шикіліктер көп
Экономиканың әртүрлі саласында дифференциалды салық мөлшерлемесіне көшу мәселесі де өзекті. Яғни экономиканың әртүрлі салаларына қарай қосылған құн салығында мөлшерлемесін де әртүрлі етіп белгілеу қажет. Қай салада табыс көп, соған салық та көп деген қағида негізге алынуы тиіс. Мәселен, экономиканың ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі секілді өнім шығаратын, басымдыққа ие салалар үшін салық төмен болуы керек. Ал табысы жоғары, бірақ өнім шығармайтын қаржы секторларына, шикізат экспорттаушы компанияларға салық жоғары болғаны жөн. Осылайша, дифференциалды салық жалпы салық жүйесіндегі әділдікті қамтамасыз етеді. Бұл дүниежүзіне кең тараған тәжірибе. Мысалы, Норвегияда мұнай өндіруші компаниялар табыстың 50 пайызы деңгейіндегі арнайы салық төлейді. Салалар бойынша салық мөлшерлемесі Қытайда – 20-40 пайыз, Өзбекстанда 12-22 пайыз деңгейінде белгіленген. ЕО елдерінде азық-түлік тауарлары, фармацевтика, баспа өнімдері, ауыл шаруашылығындағы жем, тыңайтқыш сынды ресурстары саласында төмендетілген ставка қолданылады. Ал бізде әлі күнге жалпыға ортақ бір ғана мөлшерлеме – 12 пайыз. 2022 жылғы жолдауда экономиканың әртүрлі секторында дифференциалды салық мөлшерлемесіне көшу қажеттілігі айтылған. Енді тиісті заңдар қабылданса, арғы процесс аса ауыр болмайды.
Және кез келген адам жеке ісін шағын кәсіпкерліктен бастайтындықтан, елімізде шағын кәсіпкерлік субъектілерінің үлесі басым. Олар корпоративтік табыс салығы мен жоғарыда айтылған қосылған құн салығын төлеу барысында біршама қиналып қалады. Өйткені Еуразиялық экономикалық одақ құрамындағы Ресей, Беларусь секілді елдердің салық мөлшері Қазақстаннан жоғары. Аталған мемлекеттерден біздің елге өнім әкелген кезде доллар бағамы бойынша айырмашылықтар болады да, салдарынан Қазақстандағы орта кәсіп иелерінің қалтасы қағылады. Сондықтан қосылған құн салығының мөлшері отандық және шетелдік тауар сататын кәсіпкерлер үшін екі түрлі болуы керек.
Осы ҚҚС-ға қатысты тағы бір мәселе, кейбір азық-түлік сататын ірі нүктелерде тауарлар салыстырмалы түрде арзанырақ екенін байқаймыз. Себебі онда ҚҚС тауардың бағасына қосылмаған, яғни кәсіпкер сатылған тауарға ғана салық төлейді. Алайда кәсіпкерлер көбіне барлық тауарға салық төлеп тастайды да, артынан сатылмай қалған, жарамдылық мерзімі өтіп кеткен, «возврат» жасалған тауарларға қайтадан акт жасап, мемлекеттен сол тауарға төлеген салығын қайтаруды сұрайды. Осыдан қағазбастылық есеп-қисап көбейеді. Қосылған құн салығының шикі тұстарының бірі осы. Шекарада тек өткен тауарға салық төленетіні секілді дүкендерде де солай болғаны барлық тарапқа тиімдірек.
Салықтан жалтару үшін кәсіпті бөлшектейді
Бюджеттің 70 пайызы салықтан тұрса, соның ішінде 27-30 пайызын корпоративті табыс салығы құрайды. Бұл үлкен, ұлттық компаниялар бір жылдық шегерімнен төлейтін салық. Негізі салықта екі режим бар: арнаулы режим және жалпы режим. Шағын және орта бизнеске арнайы режим белгіленеді, патентке – 1 пайыз, оңайлатылған декларация – 3 пайыз, бөлшек сауда – 4-8 пайыз. Ал ірі кәсіпорындар корпоративтік табыс салығы бойынша 20 пайыз салық төлейді. Кәсіпорындардың көбіне «ірі» болмайтын себебі де осы. Аз салық төлеуді мақсат еткендер өсіп келе жатқан кәсіпті фирмаларға, ЖШС-ларға бөлшектей береді. Сөйтіп, 20 пайыздық табыс салығын төлегенше, шағын және орта кәсіпкер болып 3 пайыздық салық төлеп отырады. Міне, салық төлеуден жалтарудың айқын көрінісі! Алайда осындай амалдарға жол бермеудің тиімді жолдары қарастырылмай келеді. Ең алдымен, ірі кәсіпкерлерге, яғни көп мөлшерде салық төлеп отырған компанияларға төмен пайыздық несиелер қарастырылып, гранттар мен түрлі жобаларға қатысу кезінде көбірек мүмкіндіктер берілуі керек. Сонда ғана ірі кәсіпорындар табысын жасыру үшін айла-шарғыға баруын доғарады. Және салық төлеуден жалтарған компанияны айналымының белгілі бір пайызы түрінде қылмыстық жауапкершілікке тарту нормасын қайта қарап, ұсақтау белгілері анықталған бизнес субъектісі үшін топтық салық енгізу де артық етпейді.
Салық кодексі кәсіпкерлердің емес, мемлекеттің ыңғайына жасалған
Өкінішке қарай, біздің билікпен қоса азаматтар да салыққа келгенде мұқияттылық танытпайды. Мәселен, айдың басында немесе аяғында несие төлеу керек болса, сол уақыттан қалдырмаймыз. Тіпті алдын ала төлеп қоямыз. Ал салықты мерзімінде төлеп жатқандар өте-өте аз. Себебі несиені кешіктіргенің үшін әр күнге өсімпұл жүреді, ал салықта олай емес. Алдымен азаматтардың салыққа деген көзқарасы дұрысталып, жауапкершілік тұрғысынан бағалануы керек. Бізде қызметкердің жеке табыс салығын, зейнетақы қоры мен сақтандыру қорына жарнасын әр мекеменің есепшісі есептеп, аударып отырады. Егер азаматтардың есепшотына бірден толық жалақысы жіберілсе, олар өз аяғымен барып зейнетақы қорына, салыққа ақша төлей ме? Мен уақытылы төлейтініне күмәнмен қараймын. Сол сияқты кәсіпкерлер де тіркелген кәсібіне қарай автоматты жүйемен салық төлеуі керек. Бұл дегеніміз – шотқа түскен ақшадан бірден салық пайызы алынып отырады. Мұндай жүйе Қытайда бар. Кәсіпкердің мақсаты – кәсіпті жүргізу, ақша табу. Ол басқа нәрселерге де, салыққа да бас қатырмауы қажет. Ал қазір кәсіп ашқысы келген де, ашқан да алдымен салықты ойлап бас қатырады. Өйткені салық кодексі кәсіпкерлердің емес, мемлекеттің ыңғайына жасалған. Өз кезегінде, салық саясатындағы аты көп жеңілдіктер де көбіне қолжетімсіз, түсініксіз. Соның әсерінен салық жеңілдіктері жүйесіз қолданылады да, бәсекелестікті бұрмалап қояды. Демек, автоматтандыру жүйесі мен жеңілдіктер жүйесі әлі біраз өзгерістерді қажет етеді.
Тағы бір айта кететін нәрсе, Германияда – 50, Ресейде – 35 түрлі салық бар. Қазақстанда 13 қана. Бізде кодекстің өзі «Салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер» деп аталады. Жаңағы 13 салыққа қоса 13 алым, 9 төлемақы, мемлекеттік баждың 15-ке тарта түрі бар. Осының бәрін қосқанда 50-ге жуықтап қалады. Демек, салықтың 13 қана түрі бар дегенмен, мемлекетке төленетін міндетті төлемдер жетіп жатыр. Олардың бәрін бір ғана салық органы қарайды. Салықтың төлейтін мерзімі мен мөлшерлемесі бар, айырмашылық осында ғана. Сондықтан мұның бәрін біріктіріп қарастыру тиімдірек.


Әңгімелесіп, жазып алған – Баян Мұратбекқызы