Дархан Әскентайды толық ақтау қажет – адвокат мәлімдемесі

Шерзат Полат ісі бойынша Талдықорғанда өтіп жатқан соттағы күдікті Дархан Әскентайдың адвокаты Мәулен Ержанов жаңа мәлімдеме жасады.
Мәулен Ержанов прокурор Дана Сәрсембайды істен шеттетуді қалайды.
- Прокурор эмоцияға беріліп кетіп жатыр. Одан бөлек, бұрмалап сұрақ қойып, қысым келтіріп жатыр. Менен бөлек бұл өтінішке себеп болар негіздерін қорғаушылар айтты. Сол себепті біз оны істен шеттетуді өтіндік, - дейді ол.
Сотта берген Дархан Әскентайдың жауабы тергеу кезінде айтқан мәліметтермен сәйкес келмеді. Адвокаттың айтуынша, оқиға болған түні Қаржаубай Нұрымов Әскентайдан кешірім сұрамаған, жедел жәрдемге қоңырау шалмаған және сотта айтқанындай «емделуіңе ақша беремін» деп уәде етпеген. Ержановтың сөзінше, төбелестің басталуына Дархан Әскентай себепші болмаған. Сонымен қатар ол Әскентай сыра үшін ақшасын төлегенін атап өтті.
- Дархан Әскентайдың жәбірленуші немесе істе куәгер ретінде өтуі керек болған. Не себепті сотталушы статусында отырғаны маған белгісіз. Ол төбелеске қатыспаған, Нұрқанатқа да, Шерзатқа да дене жарақатын салмаған. Төбелеске қатыспаған. Дархан сотта қалай жауап бергенін көрдіңіздер ғой. Оның ісінде ешқандай қылмыстық құқықбұзушылық жоқ. Сол себепті тағылған айыппен (293 бап) келіспейміз, - дейді Ержанов.
Сотта Дархан Әскентай төбелес болған түні Шерзат өзін кастетпен ұрғанын айтты. Бірақ тергеу кезінде олай демеген. Адвокат Ержановтың сөзінше, Әскентайға тергеу кезінде 28 күн бойы ем-дом жасалмаған. Ержановтың сөзінше, «кастеттің соққысынан Әскентайдың басы сүйегі (көзінің асты) сынып кеткен.
Адвокат Мәулен Ержанов сот Дархан Әскентайды толық ақтауы керек деп санайды.