Таразда соққыға жығылған депутат ауруханада да қоқан-лоқы көргенін айтты

Алматы облысы Іле ауданының мәслихат депутаты, адвокат Нұрлан Байғазиев Тараздағы дәмханалардың бірінде соққыға жығылғаннан кейін, ауруханаға жеткізілген.
Оның айтуынша, өзіне шабуыл жасаған адам кейін ауруханаға келіп, оған және оқиғаның куәгерлеріне, соның ішінде клиентіне де қоқан-лоқы көрсеткен.
Оқиға қалай болды?
Байғазиевтің айтуынша, ол сол күні клиентімен кездесіп, құқықтық кеңес беріп отырған. Ұялы телефонын қуаттау үшін жақын маңдағы розетканы пайдаланбақ болған. Бірақ жанындағы үстелде отбасы мүшелері отырыпты. Сол жерде отырған ер адам қарсы шығып, дау-дамай соңы жанжалға ұласқан.
— Ол мені бірден ұрып жіберді. Мен жерге құладым. Сосын ол мені басымнан және денемнен теуіп, ұра бастады, - дейді Байғазиев.
Агрессорды адвокаттың клиенті ғана тоқтата алған. Ол дереу полиция шақырған. Шабуыл жасаған адам сол жерде ұсталғанымен, кейін бостандыққа жіберілген екен.
Нұрлан Байғазиев орталық ауруханаға жеткізілген. Бірақ бірнеше сағаттан соң оған шабуылдаған адам қайта келіп, бұл жолы аурухана ішінде қоқан-лоқы көрсеткен.
— Ол түн ортасына таман достарымен келіп, маған да, менің клиентіме де қорқыту сөздер айтты. Полицияны шақырдым, бірақ олар тек 3–4 сағаттан кейін ғана келді, - дейді депутат.
Дәрігерлер Байғазиевке сол жақ бет сүйегінің сынуы диагнозын қойған. Ол Таразда ауруханаға жатудан бас тартып, Алматыда ота жасатпақ.