Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:51, 28 Шілде 2025

Дикий Арманның досы Әзірбайжанда ұсталып, БАӘ-ге экстрадицияланды

Дикий
Фото: әл.желі

Жаңа жыл түні Дубайда атышулы қылмыс жасалды, қаржы пирамидасы Finiko-ның негізін қалаушы Эдвард Сабировқа шабуыл ұйымдастырылған еді.

Шабуылды тікелей жүзеге асырған Анорбек Түймебаев пен Есболат Кенжғазы Ресейге қашып кеткенімен, көп ұзамай ұсталған еді.

Бірақ қаңтарда бұл іске бірнеше адамның қатысы бар екені белгілі болды. Солардың бірі — шабуылды ұйымдастырушы деп болжанған Жанболат Серіков. Ол да БАӘ-ден кетіп үлгерген. Бас сауғалайтын ел ретінде Әзірбайжанды таңдаған Серіковті көп ұзамай жергілікті құқық қорғау органдары ұстады. Жақында сот шешімімен ол Біріккен Араб Әмірліктеріне экстрадицияланды. Әзірбайжан басылымдарының жазуынша, оған бірнеше ауыр бап бойынша айып тағылған.

«1985 жылы туған Қазақстан азаматы Жанболат Серіков БАӘ құзырлы органдарының сұранысы бойынша халықаралық іздеуге жарияланған. Оған адам ұрлау, заңсыз бостандығынан айыру, өліммен қорқыту, қасақана ауыр дене жарақатын келтіру және жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері бойынша айыптар тағылып отыр», - деп хабарлады басылым.

Серіков биыл, 2025 жылы қаңтарда сотталған Арман Жұмагелдиевпен (Дикий Арман) тығыз байланыста болған. Екеуі бірге түскен бірнеше сурет бар. Кейбір мәліметтерге сәйкес, Сабировқа жасалған шабуылды Арман Жұмагелдиевтің тапсырмасымен жүзеге асырған болуы мүмкін. Айта кетейік, Эдвард Сабировтың өзі де Қазақстан билігінен қашып, БАӘ-де жасырынып жүр.

Болжам бойынша, Жанболат Серіков — бұрынғы Премьер-министрдің орынбасары және Ұлттық банк төрағасы болған Қайрат Келімбетовтің күйеу баласы.

Еске салайық, 2025 жылғы 27 қаңтарда Алматы қалалық сотында Қаңтар оқиғасына байланысты қылмыстық іс бойынша айыптау үкімі шықты. Істің басты фигуранттарының қатарында қылмыстық ортада «Дикий Арман» лақап атымен танымал Арман Жұмагелдиев пен Алматы қалалық мәслихатының бұрынғы депутаты, кәсіпкер Қайрат Құдайберген болған еді.

2025 жылдың қаңтарында Арман Жұмагелдиев 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот оны ұйымдасқан қылмыстық топ құрды және басқарды, жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты және бандитизммен айналысты деп таныды.

Жақында Дикий Арманның тағы бір досы Дубайдан экстрадацияланған еді.

Тегтер: