Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:20

АҚШ: Иранның Ормуз бұғазын жабуы жанжалдың ушығуына алып келеді

Ақш
Фото: zhasalash.kz

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Иранның Ормуз бұғазын жабу туралы шешімі өңірлік дағдарысты тереңдетуі мүмкін екенін ескертті.

Рубио «Face the Nation with Margaret Brennan» бағдарламасында сөйлеген сөзінде Иранды дипломатияны жалғастыруға шақырып, АҚШ-тың Иранға қарсы бұдан әрі шабуыл жасау жоспары жоқ екенін хабарлады.

Оның айтуынша, мұндай қадамға тек АҚШ емес, әлемнің өзге де елдері үнсіз қалмайды.

«Егер Иран бұғазды жабуға бел буса, оған ең алдымен Қытай қарсы шығуы тиіс. Өйткені олардың экономикасы осы бұғаз арқылы өтетін мұнай тасымалына тікелей тәуелді», - деді Рубио.

Ол Тегеранның бұл әрекетін «кезекті стратегиялық қателік» деп бағалады. Сонымен бірге, Рубио АҚШ-тың әскери әлеуетіне тоқталып, Иран аумағына тосқауылсыз кіріп-шығу қабілетіне назар аудартты.

«Кеше түнде біздің ұшақтар әлемнің басқа бөлігінен келіп, соққы беріп, еш кедергісіз кері оралды. Ирандықтар не болғанын аңғара да алмады», - деді мемлекеттік хатшы.

АҚШ тарабы Иранның бұғазды жабу ықтималдығын аса қауіпті деп санайды және бұл әрекет әлемдік энергетикалық тұрақтылыққа тікелей қауіп төндіретінін мәлімдеді.

Рубионың айтуынша, АҚШ миссиясы «Иранға, Иран халқына шабуыл жасау емес. Бұл режимді өзгертуге бағытталған қадам болған жоқ. Бұл қадам ядролық қару жасау амбицияларымен байланысты үш ядролық нысанды жоюға бағытталды және ол кеше орындалды».

- Енді не болатыны Иранның әрі қарайғы шешіміне байланысты болады. Олар дипломатия жолын таңдаса, біз дайынбыз. Біз олар үшін де, Иран халқы үшін де, әлем үшін де тиімді мәміле жасай аламыз. Егер олар басқа жолды таңдаса, оның салдары болады, - деп хабарлады Марко Рубио.

Рубио президент Трамп әлі де дипломатиялық жолды қолдайтынын айтып, АҚШ-тың Иранды ядролық қаруға қатысты амбицияларынан бас тарту туралы келісімге келуге итермелегенін атап өтті.

- Егер олар қоңырау шалып, «Біз кездесіп, сөйлескіміз келді» десе, біз солай істеуге дайынбыз, - деді Мемлекеттік хатшы.

 

Тегтер: