QAITADAN. Уақыт тұзағына түскен кейіпкер мен қоғам

Қыркүйектің алғашқы аптасында қазақ кинематографиясының қоржыны жаңа туындымен толықты. 4 қыркүйектен бері прокатқа драма әрі фантастика жанрындағы Qaitadan фильмі шығып, туынды төңірегінде әрқилы пікірлер айтылып жатыр.
Қазақ кинематографиясында соңғы жылдары тың тақырыптарға ұмтылыс барын байқап, қуанып жатырмыз. Фильм көрерменге ұсынылмай жатып-ақ «апат туралы алғашқы фильмнің» эпизодтары әлеуметтік желіні шарлап кеткен еді. Жеңіл комедиялардан жалығып, терең тақырыптармен сусындағысы келетін саналы көрермен үшін тың тақырып, жаңа бастама қызығушылық тудырса керек. Алғашқы күннен-ақ көрермен кинотеатрға ағылып, жақсылы-жаманды пікірімен әлеуметтік желілерде бөлісіп жатты. Режиссер Думан Еркімбектің Qaitadan алғашқы толықметражды фильмі екен. Фильмді біз де көріп қайттық.
Хош. Фильм Рауан есімді кейіпкердің мемлекеттік емтиханнан құлап, ата-анасы баланың бұл әрекетіне ашуланып, баласын ауылға әкелуінен басталады. Ауылда қора тазалау, малға жем беру, су тасу сияқты күйбең тіршілік біткен емес, ал Рауан мұндай жұмысқа тіпті де шыдағысы келмейтін қала баласы. Дәл осы түні жер сілкініп, ауыл маңындағы бөгет жарылады да, ауыл тұрғындарының бірі де тірі қалмайды. Міне, фильмдегі басты шиеленіс дәл осы түні басталады. Бас кейіпкер дәл осы түні уақыт тұзағына түсіп қалады. Бөгет жарылып, ауылды су басып қалатын күн Рауанның өмірінде тоқтаусыз қайталана береді. Бір қарағанда фильм америкалық режиссер Гарольд Рамистің Groundhog Day фильмін еске салады. Qaitadan фильмінің бас кейіпкері Рауан америкалық фильмдегі Фил Коннорс секілді бойындағы кемшіліктен арылу үшін уақыт тұзағына қамалып қалған. Уақыт тұзағынан шығудың жалғыз жолы – ауыл тұрғындарын апаттан аман сақтау. Бұл жолда Рауан талай таңдау жасап, бүкіл күшін сарп етеді. Алайда қаладан келген балаға сенетін халық бар ма? Ешкімнің бұл сандыраққа сенгісі жоқ. Ауыл адамдары «Қайдағыны айтпай, жөніңе жүр» десе, ауыл әкімі бүлік шығардың деп қамап тастайды. Тіпті оның ата-анасы мен жақындары да «әлі бала ғой» деген сыңай танытып, бетін қайтара береді. Енді не істеу керек? Әлбетте, Рауан жауапкершілікті өз мойнына алмақ. Шынында қай заманда да жастар жаңашылдық пен өзгерістің бастамасы болған. Өзгеріс пен жаңалыққа үйір жастың сөзін тыңдамау, құлақ аспау мотиві әр дәуірдің шығармасында ұшырасып қалады. Ал қолындағы билігінен айырылып қалғысы келмейтін «ересектер» жаңашыл жастарға қашан да қарсы тұрған. Бұл фильмдегі әкім, комиссия мүшелері, ауылдың үлкендері, Рауанның әке-шешесі, әжесі мен ағасы да «жиырма бестің» шегінен өткен, «өзім білемінге» басатын образдар жүйесі. Олар үшін күнделікті күйбең тірліктің сүрлеуінен құтылып шығу мүмкін емес. Олардың «бүгін дамбы жарылады, бәріміз өлеміз!» дейтін ескертуге мүлдем көңіл бөлмей, тіпті Рауанды келемежге айналдыруы осы сөзімізге дәлел. Кейіпкердің әр күні айна-қатесіз қайталана береді, айналасындағы адамдар да өзгермек емес. Қит етсе айтқанын әжуаға айналдыратын ағасы, інісі Ақош пен Бағым есімді дүкенші қыз, бұзақы Жігер мен оның достары баз баяғы қалпынан таймайды.

Мұндай қайталана беретін күйбеңнің шырғалаңынан шыға алмау, уақыт тұзағына түсу мотиві киносүйер көрерменге тіпті де таңсық емес. Әлемдік кино тарихында Гарольд Рамистің фильмінен бөлек Edge of Tomorrow, германиялық Lola rennt фильмі, сонау Кеңес одағы тұсында шыққан «Қаһарманға арналған айна», Source Code сынды танымал фильмдер сөзімізге айқын дәлел. Идеясы голливудтық фильмдерден аумай қалғанымен, шығармашылық құрам оқиғаны қазақ тарихымен қабыстырып, қазақы өмір, қазақы әзілдермен көмкеріп, тың туынды жасай алғанына қуанасың. Осы тұста, қазақ тарихы деуімізге де себеп бар, фильмде 2010 жылғы Қызылағаш ауылында жарылған бөгетке сілтеме жасалған сияқтанады. Фильмдегі ауыл атауы Қарағаш болуы да бекер емесін осы кезде ұғасың. 45 адамның өмірін жалмап, 146 үйді жермен-жексен еткен Қызылағаштағы қасірет туралы арада он жылдан астам уақыт өтсе де, отандық кино өнерінде әлі күнге дейін ешқандай рефлексия бола қойған жоқ. Фильмнің қаузаған тақырыбы осы жаңашылдығымен де құнды. Осы орайда шығармашылық топтың, әсіресе ауыл мен су тасқынын қолдан құрастырған қоюшы суретшінің еңбегін атап айтқан жөн. Ауылды су басып кеткенін көрсететін сахналар мейлінше шынайы, мейлінше сапалы түсірілген. Тек санаулы эпизодтың фильм барысында бірнеше рет қайталанатыны бар. Ауқымының тарлығы мен қолдың қысқалығы көрініп қалатын тұстары да жоқ емес. Дегенмен бөлінген бюджеттің голливудтық фильмдерге қарағанда әлдеқайда аз әрі режиссердің дебюттік фильмі екенін ескерсең, бұл айтылған уәжге көз жұмып қарауға әбден болады.
Бастысы – фильм эмоция сыйлайды, сендіреді. Өнердің басты миссиясы да осы емес пе еді? Бұл тұрғыдан келгенде фильм авторлары дегеніне жетті деуге толық негіз бар. Qaitadan белгілі бір жанрға толық бағынбайды. Оның құрылымында драма да, фантастика да, тіпті әлеуметтік сатираға жақын эпизодтар да бар. Мұндай синтез қазақ киносына тән бір ізденістің белгісі. Фильм ең әуелі жаңашылдығымен құнды деп қалдық қой. Қазақ көрерменінің есінде терең тақырыпқа бойлай алған батылдығымен қалары анық. Фильмнің қаузаған тақырыбы тек қана апат дегеніміз жаңсақтық болар, дәл осы апат пен бас кейіпкердің қарсылығы, уақыт тұзағында шыр көбелек айналып жүрген болмысы арқылы қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді де қамтуға барынша тырысып-ақ баққан. Биліктің салғырттығы, ересектердің туған баласына құлақ аспауы, кредит пен қарызға батқан қазақ, ауылға сағыныш, адал махаббат, бауырлар арасындағы байланыстың үзілуі, зорлық-зомбылық – осы тақырыптың бәрін қамтыған. Тіпті бәрін қамтимыз деп кей тұсында ой шашыраңқылығына да ұшырағанын, кинематографиялық шешімдері толыққанды ашыла қоймағанын аңғаруға болады. Осы орайда образдарды жасаудағы біржақтылықты атап өтпеске болмас. Санаға сақталып, әбден жауыр болған «озбыр әкім», «істерге ісі жоқ ауыл баласы», «қатал әке» сынды образдарды әлі де тереңдете, әлі де аша түскенде деген ой туады. Оның үстіне фильмнің соңын жақсылықпен аяқтап, ауыл халқының әкімге жабыла кететін эпизодта әйтеуір бір сенімсіздік бар сияқты көрінді. Қалай десек те, фильмнің ең үлкен жетістігі – қазақ көрерменін жеңіл күлкіден гөрі ойға, тағдыр, таңдау, уақыт жайлы толғанысқа шақырғаны. Qaitadan фильмін қазақ киносының ізденіс бағытын көрсеткен маңызды қадам, сәтті бастама деп қабылдадық. Туынды туралы ары қарай фильмнің түсірілу барысы жайлы режиссер Думан Еркімбек, кинотанушылар Еңлік Егеубаева мен Ержан Жұмабеков ой өрбітті.
Думан ЕРКІМБЕК, фильм режиссері: Қателіктер қайталана береді
2020 жылы жұбайымның қысқаметражды фильмін түсірдік. Алматының маңында орналасқан Күрті ауылында өткен түсірілім жұмыстары барысында бөгетті көріп, егер жарылып кетсе, халық не істемек деген ой туды. Фильмнің идеясы да осы кезде пайда болды. Бұдан бөлек халық бұрын басынан кешкен апаттарды зерттеп, қарап жүріп, солардың оқиғасын жинастыра бастадым. Кейін жиғанымның бас-аяғын өңдеп, сценарий жазуға кірісіп кеттім. Не үшін дәл осы тақырыпты арқау еттік деген сұрақтың тууы заңды. Апат туралы алғашқы фильмді біз түсірейік деген ойдан туған фильм емес. Бар болғаны – осындай апаттың тууы, оған дайындығымыздың деңгейі шынымен мені алаңдатады. Қанша жылдар бойы жөндеу көрмей, әбден тозығы жеткен бөгеттер, жылу электр станциялары мен Кеңес өкіметінен қалған әрі апатты жағдайда тұрған неше түрлі нысандар бар. Мүның бәрінің уақыты таяп қалған, тоз-тозы шығып, түртсең қирап қалайын деп тұр. Осыны өз көзіңмен көріп, байқап жүрген соң бәрібір өзің үшін, жалпы жұрт үшін алаң боласың. Тозығы жеткен нысандар бір-ақ күнде құлауы, істен шығуы әбден мүмкін. Осындай апат бола қалған жағдайда бізді, халықты құтқаратын азаматтар табыла ма екен деген ойдан, әйтеуір бір жөнделер, жөнге келер деген тілектен туған туынды десем болады. Ел басына күн туғанда өзін құрбан ететін батырлар шыға ма екен деген ой келді. Фильмнің әуелгі идеясы, қаузаған тақырыбы да осы еді.

Qaitadan – менің толықметражды дебют фильмім. Осыған дейін тек қысқаметрлі фильмдер не сериалдар ғана түсіріп жүр едім. Өзім режиссураны кәсіби меңгерген емеспін, бір күні V for Vendetta фильмін көріп, кино деген өнердің күллі адамзаттың ойын өзгертуге ықпал ете алатын ұлы күш екенін ұқтым. Осыдан соң әлем мойындаған ұлы режиссерлердің фильмдерін қайта қарап, қоғам ойына ықпал ете алатын өзімнің авторлық туындымды түсіргім келетінін түсіндім. Әуел басында көрермен қалай қабылдайды, қандай баға береді деген қорқыныштың болғаны рас. Мұндай қорқыныштың болуы заңды да. Бәлкім, қызықсыз болып қалар ма екен әлде сынға ұшырай ма екен деп шынымен уайымдадым. Дегенмен өзім режиссер ретінде пайдасы, айтары бар дүние деп есептеп, ештеңе ойламай, әйтеуір жасап шығуға бел будық. Солай фильмнің түсіріліміне кірісіп кеттік. Бәлкім, қабылдар, бәлкім, сын айтар, әйтеуір түсірейік дедік. Өзіңіз де білесіз, қазіргі қазақ киносында тың тақырыптарға бойлайтын режиссерлер мен авторлар аз. Коммерцияны ойлап, бір жағынан «комедия өтеді ғой» деп әуел басынан көрерменнің ығына жығылып, комедия түсіре береді. Десек те, біз өз жолымызды қалыптастырғымыз келді, басқа тақырып, тың сүрлеу сап көргіміз келді. Әрі байқасақ, бұл шешіміміз дұрыс болған сыңайлы. Көрермен жақсы қабылдап, жылы лебізін білдіріп жатыр. Су тасқынын түсіру, шынымен оңай емес. Су тасқынын компьютерлік графикамен жасау кино өнеріндегі қиын, күрделі процестердің бірі. Тіпті голливудтық блокбастерлердің өзінде үнемі сәтті шыға бермейтіні бар. Судың физикасы бөлек, сол себепті де су тасқынының графикасын жасаудан әдетте көп маман именеді. Түсірілім жұмыстарының нақты қанша уақытқа созылғанын дөп басып айту мүмкін емес. Бас-аяғы екі жылға созылды. Себебі ашық ауа райында түсіреміз деп жоспарлап, кейін жаңбыр, жауын-шашын, бұршақтың тоқтаусыз жауып кету салдарынан түсірілімді уақытша тоқтата тұрған сәттер болды. Бөгеттің жарылғанын, су тасқынын түсірген эпизодтар бар. Соның өзін 2–3 ай күтіп қалдық. Әуел басында-ақ қиын проект боларын, жолы жеңіл емес екенін түсіндік. Тіпті кейде тәуліктің 20 сағатында бел жазбай жұмыс істеген күндер болды. Бүкіл шығармашылық топ жан-жүйкесімен осы фильмге кірісіп, барымызды салдық. Фильмде көрсетілетін тау, ауыл, бөгеттің бәрін суретшілердің қолынан шықты.
Кейіпкерлердің өміріндегі әлеуметтік те, жеке де түйткілдер үнемі қайталанып отырады. Егер адамдар содан сабақ алмаса, ештеңе өзгермейді. Ғасырлар алмасып, ұрпақ ауысып жатса да, қателіктер қайталана береді, жаңа буын бұрынғы қателіктерді тағы қайталай береді. Бас кейіпкер Рауанның болмысы менің шын өмірдегі Рауан есімді інімнен айнымайды. Әдетте жаңа буын, жас ұрпақ азат ойлы, еркін болмысты боп келеді, өзін тыңдағысы келмейтін «ересектерге» қарсылық танытып, ойын ашық айтады. Құтқарушыға сенбеу, қарсы шығу деген мотив адамзат жаратылғалы бері ілесіп келе жатыр ғой. Мен екі буынды бір-біріне қарсы қою арқылы жастар аға буынның қателігін қайталамаса екен дедім.
Еңлік ЕГЕУБАЕВА, кинотанушы: БАС КЕЙІПКЕРДЕН ӨЗГЕ БЕЙНЕЛЕР ТОЛЫҚ АШЫЛМАҒАН
Фильм қазақ киносын биік сатыға көтерді деу артық болар, дегенмен ол жаңа леп алып келгенін жоққа шығаруға болмайды. Бұл леп, ең алдымен, жанрлық ерекшелігі арқылы байқалады. Фильмді жай ғана катастрофалық кино деп атау жеткіліксіз, себебі мұнда апат тақырыбымен қатар махаббат желісі, отбасылық қарым-қатынас, юмор элементтері де қатар өрбиді. Нәтижесінде көрермен аралас жанрдың сәтті үйлесімін көреді.
Осы тұрғыда монтажердің жұмысын айрықша атап өткен жөн: қайталанатын оқиғалар желісі түрлі детальдармен байытылып, дұрыс темпоритм арқылы көрерменді жалықтырмайды. Ал топан су сахналарын жасауда суретшілердің еңбегі орасан – көріністер шынайылығымен ерекшеленеді. Сондай-ақ актерлердің табиғи да үйлесімді ойыны фильмнің әсерін күшейтті. Режиссер Думан Еркімбек үшін бұл жанрлық үлкен киноға алғашқы қадам болса да, ол сәтті шыққанын айта аламыз.

Көрерменге ұнауының басты себебі – халықтың экраннан өз бейнесін көру мүмкіндігі деп санаймын. Көрерменге таныс тұрмыс жағдайы, күнделікті ахуал фильмге арқау болған. Сонымен қатар қоғам ішінде тынып жатқан ыза-кек пен ішкі қарсылық та көрініс тапқан. Бұл қазіргі күйімізбен астасып жатқан дүниелер. Фильмнен өзімізге таныс, сөйлеу мәнері мен өмір салты жақын кейіпкерлерді көргеніме қуандым. Әдептен озбайтын диалогтары бар, қалжыңдаса да көңілге тимейтін әзілі, бір-бірімен үйлесім тапқан кейіпкерлері фильмге деген сүйіспеншілікті арттыра түсті. Пайымдауымша, фильм қоғамдағы әртүрлі әлеуметтік топтарға бірдей жағымды болады. Қазіргі қазақ жанрлық фильмдерінің қатарында бұл туынды нарративімен ерекшеленіп, техникалық тұрғыдан да шебер жасалғаны анық. Дегенмен сапалы шыққанына қарамастан, фильмді кемшіліксіз дей алмаймыз.
Шыны керек, сценарийде олқылықтар бар. Фильм басынан ортасына дейін жақсы ритмде өрбиді, алайда орта тұсынан кейін баяулап кетеді. Логика бойынша, оқиға кульминацияға жақындауы тиіс еді. Бірақ режиссер оқиғаны екі бағытта дамытатын эпизод ұсынады. Егер авторлар саспенсті соңына дейін ұстай алғанында, фильм көркемдік тұрғыдан жаңа деңгейге көтерілуі мүмкін еді. Алайда басты кейіпкерге қателігін түзетіп, дұрыс шешім қабылдауына авторлар тарапынан мүмкіндік беріледі. Бұл әдіс шынайылықтан алыстатып, туындыны хэппи-эндпен аяқталатын аңғал фильмге айналдырды. Сондай-ақ фильмдегі антагонист әкім бейнесі күрделірек жасалғанда ғой деген тілек те туды. Ол жай ғана ақымақ жемқор емес, айлакер, алдын-артын есептейтін, өзінен гөрі айналасын тығырыққа тірей алатын кейіпкер болса немесе үлкен ойынның маңызсыз фигурасы ретінде көрсетілсе, фильм күрделене түсер еді. Осы себептерден, фильм әбден мүмкін болған көпқатпарлығынан айырылып қалды. Одан бөлек, басты кейіпкерден өзге бейнелердің толық ашылмай қалуы да өкінішті.
Кино тарихында белгілі бір әдістің әртүрлі фильмдерде қайталануы үйреншікті құбылыс. Бірақ маңыздысы – оны қалай қолданғанында. Time loop (уақыттың айналып қайталануы) әдісі кино тарихында жиі қолданылады әрі әр режиссер оны өзінше ашады. Бұл фильмде уақытты қайталап көрсету арқылы кейіпкерге ауылды құтқару миссиясы жүктелген. Меніңше, бұл тәсілді алу мақсатын былай да ашуға болады: жыл сайын сел салдарынан түрлі елді мекендер су астында қалып жатады. Сол себепті, уақыттың қайталануы бір күннің немесе бір ауылдың ғана емес, жыл сайын қорқынышты түс секілді қайталанып тұратын апаттардың символдық көрінісіне де ұқсата аламыз. Сол себепті, әдіс ұтымды әрі орнымен қолданған деп бағалар едім.
Ержан ЖҰМАБЕКОВ, кинотанушы: Мұндай мотив пен идея жаңалық емес
Қазіргі таңда қазақ кинематографиясына қосылып, кинотеатрға шығып жатқан фильмдерге көз тастасақ, көңіл көншітпейді. Шығып жатқан фильмдердің басым көпшілігі әрі арзан, әрі сапасыз. Жеңіл комедиялардың деңгейінен аспай тұр. Шыны керек, кинотеатрдың репертуарын қарай қалсаң, көрерменге таңдау жоқ. Сол фильмдермен салыстыра қарасақ, бұл фильмнің әлдеқайда бәсі артық. Прокатқа шығып жатқандардың қатарында көрерменге айтар ойымен, көркемдік ерекшелігімен әйтеуір орны бар. Қазақ киносындағы апат тақырыбын көтерген фильмдердің алғашқыларының бірі. Дегенмен әлем кинематографиясымен салыстыра қарасақ, айтарлықтай жаңалық емес. Осыған дейін мұндай мотив пен идеяны талай мәрте көрдік. Ал қазақ киносындағы ізденіс, талпыныс тұрғысынан әрі көркемдік ерекшелігі жағынан алғашқылардың қатарында. Сол үшін де көрермен көңілінен шығып, қолдау тауып жатыр.

Дегенмен кемшіліксіз деп те айтуға болмас. Фильм өз көрерменін табады деп сенемін. Себебі туындының көтеріп отырған тақырыбы, идеясы мен сюжеті біз бен сізге, жалпы қазаққа етене таныс, жақын. Яғни ауыл мен ауыл адамдарының образы, өзінің жұрты мен әке-шешесін құтқаруға тырысқан бас кейіпкердің, әкімнің бейнесі қазақ көрерменіне таңсық емес. Күнде өзіміз сүріп жүрген қоғамда кездесетін кейіпкерлер. Осы тұрғыдан алғанда кәсібилікті байқай алғаныма қуандым. Рөлді сомдаған актерлердің шеберлігі мен фильмнің драматургиясы, операторлық түсірілім мен қоюшы суретшілердің еңбегінен кәсіби маманның қолтаңбасын байқайсың. Көрерменге ерекше әсер қалдырған тағы бір себеп –фильмнің хэппи эндпен аяқталғаны шығар, бәлкім. Көрерменге бір оқиғаның бірнеше нұсқасын көрсете отырып, әйтеуір соңында жақсылық жеңіп шығатындай жағдай жасайды. Бас кейіпкермен бірге көрермен де оқиғаны өз бойынан өткергендей әсер алады.
Дайындаған
Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ