Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 18:00

«Америкаға шабуыл»: Трамп мигранттардың бүлігін сыртқы қауіп деп таныды

Трамп
Фото: zhasalash.kz

АҚШ-тағы соңғы оқиғалар ішкі тұрақтылық мәселесін қайта күн тәртібіне шығарды. 

Дональд Трамптың Лос-Анджелестегі жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқан мигранттарға қатысты қатал ұстанымы қоғамда үлкен резонанс тудырды.

Оның айтуынша, бұл — жай ғана ішкі бүлік емес, бұл Америкаға қарсы жасалған «шетелдік шабуыл». Президент бұл әрекетті ұлт қауіпсіздігіне төнген тікелей қауіп ретінде бағалап отыр.

Трамптың пәрменімен қалаға Ұлттық гвардияның 4 мың сарбазы жіберілсе, кейін 700 теңіз жаяу әскері тартылды. Әскери күштердің мұндай ауқымды жұмылдырылуы сирек жағдай. Президент Форт-Брагг әскери базасында сөйлеген сөзінде тәртіпсіздікке қатысқандарды “бүлікшілер” және “шетелдік жаудың агенттері” деп атады. Оның айтуынша, Америка өз аумағында мұндай анархияға жол бермеуі тиіс.

«Біз америкалық қаланың шетелдік жаудың басып кіруіне және оны басып алуына жол бермейміз. Бұл – ұлттық егемендікке жасалған шабуыл», - деді Трамп.

BILD басылымының хабарлауынша, Трамп бұл оқиғаны “бақыланбайтын миграцияның” салдары ретінде бағалап, Еуропа елдерін де қатаң шаралар қабылдауға шақырған. Лос-Анджелес мэрі Карен Басс тәртіпсіздіктер өршіген шағын ауданға коменданттық сағат енгізді. Бұл шешім қоғамдық тәртіпті қалпына келтіру үшін қабылданды.

Калифорния штатындағы жаппай наразылықтарға миграциялық саясаттың қатаюы себеп болды. 6 маусым, жұма күні Лос-Анджелес қаласында АҚШ-тың Федералды иммиграция және кеден полициясы (US Immigration and Customs Enforcement, ICE) заңсыз мигранттарды жаппай ұстау операциясын бастады.

АҚШ-тың Ішкі қауіпсіздік министрлігінің мәліметінше, ұсталғандардың қатарында қылмыстық топтардың мүшелері, сондай-ақ бұрын зорлау, тонау және есірткі саудасы үшін сотталған адамдар бар.

Федералды полиция жүргізген рейд кезінде 44 заңсыз мигрант ұсталған.

Бұл әрекетке жауап ретінде Калифорния штатында жаппай наразылықтар басталды. Алғашында бейбіт сипатта басталған акциялар бірден күш қолдануға ұласты. Наразылар полициямен қақтығысқа түсіп, вандализм мен тонау әрекеттері тіркелді. Шерушілер автокөліктерді өртеп, полицияға отшашулар мен тас лақтырып, жолдарды жауып, «ICE-ке мұнда орын жоқ» деген жазуы бар граффитилер қалдырған.

АҚШ
Фото: Jae C. Hong / AP

АҚШ-та мигранттар мәселесі бұрыннан өткір тақырыптардың бірі. Трамп әкімшілігі кезінде бұл бағытта қатаң саясат жүргізілді. Қазіргі жағдай осы мәселенің қайта ушығып келе жатқанын көрсетеді.