Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:25

Дәулет Тұрлыхановтың ұлы колониядан босап шығудан бас тартты

Тұрлыханов
Фото: ашық дереккөз

Нұрасыл Болат шартты түрде мерзімінен бұрын босату (ШМББ) туралы өтінішін қайтарып алды. 

Ол зардап шеккен тарапты өзінің УДО-сы қаралатыны туралы ақпарат таратты деп шағымданбақ.

Олег пен Анна Черновтар бұл айыптауды жоққа шығарды.

«Мұндай негізсіз айыптаулар үшін біз жалған ақпарат таратқандарға қатысты шара қолданатын боламыз. Осындай адвокаттар салдарынан зардап шеккендердің ұстанымы өзгеріп жатыр», - деді Олег Чернов.

«Біз айыппұл салуға қарсы болдық, өйткені ол жұмыссыз және айыппұлды оның туыстары, нақтырақ айтқанда әкесі (депутат Дәулет Тұрлыханов — ред.) төлейтін еді. Біз сотталушыны тыңдауға дайын болдық, бәлкім, ол түзелген шығар деп ойладық. Ақыры ол да шипажайда жатқан жоқ қой. Бастапқыда біз бостандығын шектеу сияқты жазаны да қарастыруға қарсы болмадық», - деді Анна Чернова.

Сот Нұрасыл Болаттың шартты түрде босату туралы өтінішін қараусыз қалдырды.

Еске салайық, 13 маусым күні Болат соттан жаза түрін айыппұлға ауыстыруды сұраған. Алайда бұл бастамаға колония басшылығы да, жәбірленушілер де қарсы болды. 

«Әзірге теңізге баруға ерте. Өз еңбегіңмен таппаған ақшамен мәселені шешу – бұл жаза өтеу емес, сатып алу», - деп жазды Чернова.

Айта кетейік, 2023 жылдың күзінде Болат Анна және Олег Черновтарды ұрып-соғу ісі бойынша 1,7 млн теңге айыппұл төлеуге міндеттелген болатын. 2024 жылдың мамырында Жоғарғы сот үкімді күшейтіп, 2 жыл бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Ал сол жылдың қазан айында пробация тәртібін бұзғаны үшін 1,5 жылға колонияға жіберілген.