Құлыбаев иеленген жер телімдері мемлекетке қайтарылды

Қапшағай су қоймасы маңындағы жалпы көлемі бірнеше гектар болатын үш жер телімі бойынша Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты оларды мемлекет меншігіне қайтару туралы қаулы қабылдады.
Сот құжаттарында көрсетілгендей, бұл учаскелерді басқарған компаниялар мен тұлғалар Тимур Құлыбаевтың әкесі — Асқар Құлыбаевпен және оның отбасымен тікелей байланысты болған.
Жер телімдері қалай берілді және кімнің қолына өтті?
Бірінші телім:
- 2004 жылы Қапшағай қаласының сол кездегі әкімі Сергей Зеленский бұл жерді жеке тұлға Қадыр Әлімбаевтың меншігіне берген.
- 2006 жылы жер “Тамыз-Ка” ЖШС-не сатылған.
- Компания Асқар Құлыбаевтың немересі Бексұлтан мен келіні Найла Құлыбаеваға тиесілі болған.
Екінші телім:
- 2006 жылы “Жібек жолы – Қазақстан” ұлттық компаниясына берілген.
- Сол жылы-ақ ол “Трансхлеб” ЖШС-не өткен.
- Компания құрылтайшыларының қатарында Асқар мен Бексұлтан Құлыбаевтар болған.
- Кейінірек бұл жер де “Тамыз-Ка” ЖШС-не өтіп кеткен.
Үшінші телім:
- 2006 жылғы маусымда тағы бір жер “Жібек жолы – Қазақстан” компаниясына берілген, ал сол кезде оның президенті Асқар Құлыбаев болған.
- Қыркүйекте бұл жер де “Тамыз-Ка” ЖШС-не сатылған.
2016 жылы 8 қыркүйекте “Тамыз-Ка” ЖШС барлық үш жер телімін Асқар Құлыбаевтың атына рәсімдеген.
Қазіргі жағдайы:
- Бір жер телімінде демалыс базасы, тұрғын үй, гараж және монша анықталған.
- Қалған екі телімде құрылыс нысандары жоқ.
Сот неге қайтарды? Прокуратура бұл жер телімдерінің мемлекеттік заңнамаға қайшы жолмен, жалған мәмілелер арқылы меншікке өткенін дәлелдеген. Сот бұл уәждерді негізді деп тауып, жерлерді мемлекетке қайтару туралы шешім шығарды.
Бұл іс – мемлекеттік мүлікті қайтару процесіндегі кезекті резонансты қадам. Әрі аталған істердің барлығы “заңсыз жекешелендірілген активтерді қайтару” бойынша жүргізіліп жатқан ауқымды науқанның бір бөлігі.