Алматы полициясы Ақнардың өліміне байланысты мәлімдеме жасады

Өткен жылдың шілдесінде Алматыдағы көп қабатты тұрғын үйлердің бірінде қайғылы жағдай болды — 18 жастағы Ақнар Гүлстан 7-қабаттан құлап, оқиға орнында қаза тапқан еді.
Қайтыс болған бойжеткеннің анасы бұл оқиғаға қатысты ресми нұсқамен келіспейді. Ол қызының өз еркімен секіріп кеткеніне сенбейді және оның өліміне бөтен біреудің қатысы бар деп есептейді.
Осы жағдайға байланысты Алматы полициясы пікір білдірді.
«Біз марқұмның туыстарының бастан кешкен қайғысына шын жүректен ортақтасамыз. Сонымен қатар соңғы процессуалдық шешім барлық тағайындалған сараптамалардың нәтижелерін алғаннан кейін және қажетті тергеу әрекеттерін жүргізгеннен кейін қабылданатын болады», - делінген хабарламада.
Оқиға Алмалы ауданы аумағында тіркелген. Полиция департаменті бұл факті бойынша Қылмыстық кодекстің 105-бабы (өзін-өзі өлтіруге итермелеу) бойынша іс қозғалғанын хабарлады. Қазіргі уақытта сараптамалар жүргізіліп, тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Тергеу құпиясына байланысты басқа мәліметтер жария етілмеді. Бірақ Ақнәрдің туыстары іс әділ қаралып, кінәлілер жауапқа тартылады деп үміттенеді. Олар қоғамнан да қолдау сұрап, оқиғаға бейжай қарамауды өтінуде.
«Ақнәр – өмірге құштар, алда армандары мен жоспарлары көп қыз болатын. Ол ондай қадамға бармайды. Қол жұмсады деп айту — әділетсіздік. Бұл өлім кездейсоқ емес», - дейді марқұмның анасы.
Марқұмның өліміне қатысты жаңа деректер немесе тергеудің қорытындылары жарияланған жағдайда, бұл іс қоғам назарында қала бермек.