«Түрмедегі төбелеске апарған»: Әскерде қаза болған Алмас Шахимовтың анасы ұлының өліміне қатысты жаңа деректерді жария етті
Алматыдағы Ұлттық ұланның 5574 әскери бөлімінде қызметін өтеп жүріп қаза тапқан сарбаз Алмас Шахимовтың өліміне қатысты сот процесі әлі аяқталған жоқ.
Сарбаздың анасы Индира Туғанбаева тергеу барысына сенбейтінін айтып, шындық үшін күресуді жалғастыруға бел буып отыр.
Екі ай қызмет еткен сарбаздың жұмбақ өлімі
Алмас Шахимов 2022 жылдың көктемінде Көкшетаудан әскерге шақырылып, Алматыдағы Ұлттық ұлан сапында қызмет атқарған. Алайда екі айдан соң үйіне табытпен оралды.
Әскерилердің ресми нұсқасы бойынша, Шахимов 2022 жылдың 10 тамызында полигонда өткен далалық оқу-жаттығу кезінде қатты жел салдарынан құлаған шатыр темірінің астында қалып қаза тапқан.
Ресми хабарламада:
«Жел күшейіп, шатыр қалашығы бұзыла бастаған. Шахимов соңғы болып сыртқа шығып жатқан сәтте шатырдың темір бөлігі басына құлады», - делінген.
Алайда сот-медициналық сараптама қорытындысы бұл мәлімдемені жоққа шығарды:
жас жігіттің денесінде пышақ іздері, 26 түрлі жарақат, қылғындыру белгілері және темекіні күйдіріп басқан іздері табылған.
Анасы:
«Баламды үш жерден пышақтаған, арқасы күйіп қалған, мойыны сынған. Мұндай жарақатты үш минуттық дауылдан алу мүмкін емес. Бұл – ұзақ азапталғанның белгісі», - деп мәлімдеді.
Сотталушы командир – бар болғаны 1 жылға жаза алуы мүмкін
Қазіргі таңда іс Қылмыстық кодекстің 453-бабы 2-тармағымен қаралып жатыр. Істе жалғыз күдікті – Алмастың тікелей командирі Дәурен Байызбеков.
Индира Туғанбаевае:
«Олар баламды өлтіріп, бәрін дауылға жауып қоймақ болды. Ал кінәлі командирді бір жылға ғана соттағалы отыр. Оның өзі шартты жазаға айналуы мүмкін», - дейді.
Ата-анасы жеңіл жазаға келіспей, сотқа қатысудан бас тартқан.
«Түрмеде өлімге апарған» – жаңа айыптаулар
Алмас Шахимовтың өліміне қатысты айтылған ең даулы мәліметтер – сарбаздардың өзара жазған хаттары мен әскерден кеткен офицерлердің сөзі.
Анасының айтуынша, бірнеше дереккөз Алмастың «түрмеге ережесіз жекпе-жекке» апарылғанын айтқан.
Офицерлер Оспанбеков пен Шайқамалов туралы:
«Сарбаздарды қорлап, қатыгездік көрсеткен. Бұған шыдамай жұмыстан кеткендер де бар»
– деген мәлімет айтылған.
Кейін Алмаспен бірге қызмет еткен тағы бір жауынгер:
«Ешқандай дауыл болған жоқ. Сіздің балаңызды түрмеге апарып өлтірген»
– деп айтқан.
Индира Туғанбаева бұл ақпаратты естігенде сенбегенін айтады, бірақ сараптама нәтижесі мен жарақат сипаты осы нұсқаға жақындай түскен.
Қорғаныс министрлігі істі жоққа шығарады
Сарбаздың анасы бірнеше рет Бас прокуратура мен Қорғаныс министрлігіне жүгінген, алайда нәтиже болмай келгенін айтады.
Индира Туғанбаева:
«Бізге көмек емес, әділдік керек. Әкімдіктен несиелеріңді жауып береміз дейді. Бұл — мәселені жабудың амалы. Президент белгілеген 12 күндік мерзім өтіп кетті. Олар уақыт созып отыр».
Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов та әскердегі әлімжеттік бар деген пікірді жоққа шығарып, журналистер сұрағына жауап беру кезінде тіпті күліп жіберген.
«Әскерде "дедовщина" жоқ. Бұған дәлел де жоқ. Камера орнатамыз, баспасөз турларын өткіземіз», – деп мәлімдеген министр.
27 қарашада тағы бір сот отырысы өтеді. Алайда ата-анасы оған қатыспайтынын мәлімдеді.