Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:15, 09 Маусым 2025

Тұтқындар тағдыры белгісіз: Ресей мен Украина тағы да келісе алмады

Зеленский
Фото: ашық дереккөз

Ресей мен Украина ірі көлемдегі тұтқындар алмасу мәселесінде келіспеушіліктерге тап болды. 

Bloomberg агенттігінің жазуынша, Мәскеу Киевті процесті әдейі созып жатыр деп айыптағанымен, украиналық тарап бұл мәлімдемені жоққа шығарды.

Аталған алмасу Ресейдің Украинаға басып кіргеннен бері ең ауқымдысы болмақ еді және осы аптада Түркияда өткен келіссөздер барысында алдын ала мақұлданған болатын.

Ресейлік делегацияны басқарып отырған Владимир Мединский Telegram парақшасында:

«Мәскеу дайын. Біз украиналық сарбаздардың мәйіттері салынған тоңазытқыш контейнерлерін де беруге келістік. Алайда Украина процеске тосқауыл қойып отыр», - деп жазды.

Оның айтуынша, Украина мәйіттерді қабылдау мен тұтқындар алмасуды белгісіз мерзімге кейінге қалдырған. Сонымен қатар Ресей Стамбулда жасалған келісімдерге толықтай сай әрекет етіп жатқанын мәлімдеді.

«Киевті нақты кестені сақтап, келісілген әрекеттерді дереу орындауға шақырамыз», - деді Мединский.

Киев не дейді?

Украинаның әскери тұтқындар мәселесі бойынша Координациялық орталығы Ресей ұсынған тізім алдын ала келісілген ережелерге сай келмейтінін, сондықтан процестің баяулап қалғанын айтты.

Украиналықтар өз тізіміне ауыр жараланған, қатты науқас және жас сарбаздарды кіргізгендерін атап өтті.

«Өкінішке қарай, конструктивті диалогтың орнына біз тағы да Ресей тарапынан манипуляциялар мен гуманитарлық тақырыпты ақпараттық мақсатта пайдалануға тырысу әрекеттерін көріп отырмыз», - делінген орталық хабарламасында.

Украина Ресейді конструктивті жұмысқа оралуға және процесті жақын күндері қайта жандандыруға шақырды.

7 маусымға қараған түні Ресей әскері Украинаға жаппай зымыран-дрон шабуылын жасады. Харьков облысына соғыс басталғалы бері ең ірі соққы жасалып, кемінде үш адам қаза тауып, ондаған адам жараланды.

Bloomberg басылымы Ресейдің бұл әрекетін украиналық дрондардың бір апта бұрын ресейлік жойғыш ұшақтарға жасаған шабуылына қарымта деп бағалайды.

Ресей Қорғаныс министрлігі соққы дрон жинау цехтары мен оқ-дәрі қоймаларына бағытталғанын мәлімдеді. Алайда әлеуметтік желілерде Харьковтегі көпқабатты тұрғын үйлердің қирағаны мен өртенгені түсірілген суреттер тарады.

7 маусым кешінде басқарылатын бомба Харьковтің орталығына түскен. Нәтижесінде кемінде бір адам қаза тауып, бірнеше адам жараланған. ТАСС агенттігі жергілікті ақпарат көздеріне сүйене отырып, қалада төрт жарылыс болғанын хабарлады.

Қарулы қақтығыстың ушығуына қарамастан, мамыр айының соңында Киев пен Мәскеу үш күн ішінде 1000 тұтқынды алмастырған.

Алайда соңғы екі келіссөз айтарлықтай ілгерілеу әкелген жоқ. Ресей өзінің қатаң талаптарынан бас тартпай отыр, ал АҚШ президенті Дональд Трамп атысты тоқтатуға қатысты үндеулерден бойын аулақ ұстап келеді.