Қызметтен кеткенін Грузияда естіді: Қарабаевтың тосын отставкасы

Көлік министрі қызметінен жақында ғана босатылған Марат Қарабаев өзінің отставкасы туралы тек Грузияға қонғаннан кейін бір-ақ білген сияқты.
Бұл туралы журналист Саяна Санақова өзінің Instagram парақшасындағы стористе жария етті.
«Көлік министрімен бірге ұшып барып, экс-министр болған кезде жерге қондық. Бәріміз Поти қаласындағы терминалдың ашылуына бара жатырмыз. Қарабаев қызметінен босатылатынын өзі де білмеген сияқты», - деп жазды журналист, бейнежазбаға мысқылды жазба қалдырып.
Журналист жариялаған видео кадрларында Марат Қарабаевтың көңіл-күйінен тосын жаңалыққа таң қалғаны байқалады. Бұл жағдай әлеуметтік желіде кеңінен таралып, қоғамда қызу талқыланды.
Кейінірек Energy Monitor қорының директоры Нұрлан Жұмағұлов Грузияға сапардың ресми екенін растады. Марат Қарабаев пен Маңғыстау облысының әкімі Грузияға іссапармен барған. Олар Поти қаласында қазақстандық кәсіпкер Данияр Әбілғазиннің қаржысына салынған жаңа контейнерлік терминалдың ашылуына қатысқан. Бұл жобаның жалпы инвестиция көлемі – 30 миллион доллардан асады.
Ал Қарабаевтың отставкасы туралы ресми ақпарат 10 маусым күні жарияланғанымен, Ақорда бұл шешімді 8 маусымда қабылдаған. Яғни министрдің қызметтен кетуі сапар барысында белгілі болған.
Марат Қарабаев Көлік министрі қызметін 2023 жылғы 2 қыркүйектен бастап атқарды. Бұл – сол кезде жаңадан құрылған салалық ведомство болатын. Қарабаев — үкіметтегі ең жас министр атанған шенеунік. Ол 1987 жылы 4 шілдеде дүниеге келген.
2025 жылғы 14 мамырда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Қарабаевқа жұмыстағы кемшіліктері үшін сөгіс жарияланған болатын. Мемлекет басшысы сол жиында көлік-логистика саласындағы проблемаларға ерекше назар аударып, шұғыл әрі нақты шаралар қабылдауды тапсырған еді.
Қарабаев – “Болашақ” бағдарламасының түлегі. Ол 2010 жылы Ұлыбританиядағы Уорвик университетін «Өндірісті-жүйелік инженерия» мамандығы бойынша үздік аяқтаған. Сондай-ақ 2015 жылы Тараз мемлекеттік университетінен «Экономика» мамандығы бойынша білім алған.