Шерзат Полатты өлтіргеннен кейін күдіктілер көлікте ән айтып, күлген

Сотта Шерзат Полаттың өліміне қатысты тың видеодәлелдер көрсетілді.
Талдықорғанда Шерзат Полатты өлтіру ісі бойынша сот процесі жалғасуда. Сот отырысында Шерзаттың отбасы тарапынан адвокат “Land Cruiser” көлігінің бейнетіркегішінен алынған видеоны ұсынды. Бұл көлікте кейбір айыпталушылар отырған.
Бейнежазбада ер адамдардың дауыстары естіледі — олар күліп, балағат сөздер айтады, кейін басқа көлікке жақындайды. Сол жерде ауызша жанжал басталады, артынан екі көлік бір бағытқа қарай жүріп кетеді. Көлік ішінде айыпталушылармен бірге қыздар да болған.
Бұл - трагедиядан кейін бірден көліктегі видеорегистраторға жазылған жазбалар. Видеода айыпталушылар — Абзал Шынасыл мен Нұрқияс Ілиясовтың, сондай-ақ куәгерлер — Дана Жақсыгельді мен Эльмира Нұрбекованың дауыстары анық естіледі. Бейнежазбада бейәдеп сөздер, күлкі мен ән айту сәттері бар.
Сондай-ақ, Нұрқияс Ілиясоа Шерзаттың анасын ұрған. Неге Ілиясов “баламды кешірші” деп зар жылаған Бишембиеваны елемеген? Нағыз қылмыскер Нұрқияс болмасына кім кепіл?
Бұған дейін “шок күйінде болдым” деп мәлімдеген Эльмира Нұрбекова видео жазбада сабырлы түрде төбелес пен қару туралы айтып береді:
— Бір ер адам «екі ұңғылы мылтық» алып шықты. Біздің адамдар емес. Ол шетте жатыр.
— Оны лақтырып жіберді ме?
— Иә. Ол бізге қару кезенді. Сосын адамдар жүгіріп келді. Екеуі жерде жатыр.
Еске салсақ, айыпталушылар мылтық Шерзаттың ағасы — Нұрқанат Ғайыпбаевқа тиесілі болғанын айтқан.
Шерзат Полаттың өліміне байланысты сот процесі 10 сәуірде басталған. 9 адам күдікті деп танылған. Оларға «Адам өлтіру», «Қылмысқа дайындалу және оқталу», «Қару қолдану арқылы бұзақылық жасау», «Бұзақылық» және «Ұрлық» бабы бойынша айып тағылған. Сот күдіктілерді кінәлі деп таныса, олар 5 жылдан 20 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін.
Күдікті ретінде Абзал Шынасыл, Равиль Сәкиев, Азамат Тоқтаубаев, Дидар Қалиахмет, Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Шыңғыс Белғожаев, Нұрқияс Ілиясов Думан Ысқақ (кәмелет жасына толмаған) ұсталған.