Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:05, 04 Маусым 2025

АҚШ Ресейге қарсы «ауыр» санкциялар енгізуге дайын

Санкция
Фото: overclockers.com

АҚШ президентінің Украина бойынша арнайы өкілі Кит Келлог Ресейге қарсы жаңа, ауыр санкциялар пакеті дайын екенін мәлімдеді. 

Бұл туралы ол Fox News телеарнасына берген сұхбатында айтты.

«Мен Оңтүстік Каролина штатынан сайланған сенатор-республикалық Линдси Грэммен өткен демалыс күндері сөйлестім. Менің ойымша, олар дайын. Бұл ‘2025 жылғы Ресейге қарсы санкциялар туралы заң’ деп аталады. Грэм оларды дайындап қойды және көп ұзамай жариялайды деп ойлаймын. Санкциялар өте ауыр», – деді Келлог.

Аталған заң жобасын Линдси Грэм мен сенатор-демократ Ричард Блюменталь бірлесіп ұсынған. Құжатта ресейлік мұнай, газ, уран және басқа да өнімдерді сатып алатын елдерден келетін тауарларға 500% көлемінде кедендік баж салығын енгізу көзделген.

 Бұл ретте АҚШ-та сапармен жүрген Украина президенті кеңсесінің басшысы Андрей Ермак Киевтің жаңа санкцияларды тағатсыздана күтіп отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, бұл жолғы санкциялар «батыл әрі нақты шешімдермен» ерекшеленуі тиіс.

«Маңыздысы – бұл санкциялар еуропалық әріптестермен келісілген түрде енгізілуі керек», – деді Ермак Newsmax арнасына берген сұхбатында.

Сондай-ақ Ермак Келлогпен кездесіп, АҚШ сенаторларымен алдағы санкциялар пакетін талқылағанын да атап өтті.

Жаңа санкциялар пакеті - Ресейге қарсы бұрын-соңды болмаған қысым құралдарының бірі. АҚШ пен ЕО бұған дейін де санкциялар енгізіп келген, алайда бұл жолы олардың көлемі мен салмағы бұрынғысынан едәуір жоғары болуы ықтимал. Бұл санкциялар Ресейдің энергетикалық секторына да, халықаралық саудадағы серіктестерімен қатынасына да айтарлықтай әсер етуі бек мүмкін.

Тегтер: