Ақтөбе облысында су қоймасының бұзылуына қатысты тағы бір шенеунік сотталды

Ақтөбе облысы Хромтау ауданындағы «Мағжан» су қоймасының бұзылып, бірнеше елді мекенді су басуына байланысты әкімдік қызметкері сотталды.
Ақтөбе облысындағы «Мағжан» су қоймасының бұзылуына байланысты тергеуді аяқтаған Қаржылық мониторинг агенттігінің өңірлік департаменті бұл төтенше жағдайға жергілікті әкімдік қызметкерінің немқұрайлылығы себеп болғанын мәлімдеді. Ақпарат ведомствоның ресми Telegram-арнасында жарияланды.
Агенттіктің мәліметінше, аталған шенеунік су қоймасының техникалық жағдайын бақылаусыз қалдырып, тиісті тексерістер жүргізбеген және апаттың алдын алуға қажетті шаралар қабылдамаған. Салдарынан су қоймасы жарылып, Алға ауданына қарасты ауылдар мен Ілек және Қарғалы өзендерінің маңындағы саяжай аумақтарын су басты.
Төтенше жағдай кезінде 215 адам, оның ішінде 96 бала эвакуацияланды. Келтірілген материалдық шығын көлемі – 211 миллион теңгеден асты.
Аталған қызметкер сот шешімімен 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Бұған қоса, осы іске байланысты су қоймасын басқарған «Тұлпар ТК» ЖШС директоры да жауапқа тартылды. Соттың пайымынша, ол тасқын болар алдында суды дер кезінде босату шараларын қолға алмаған. 2025 жылғы ақпанда ол 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Сонымен қатар оған 3 жыл бойы су шаруашылығы саласында қызмет атқаруға тыйым салынды.