Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 10:16

Навальный туралы жазбасы үшін ресейлік депутат 7 тәулікке қамалды

Депутат
Фото: zhasalash.kz

Сосновобор қалалық соты (Ленинград облысы) аймақтық Заң шығару жиналысының депутаты, КПРФ мүшесі Иван Апостолевскийге 7 тәулік әкімшілік қамау жазасын тағайындады.

Оған «экстремистік ұйымның символикасын насихаттады» деген айып тағылып отыр. 

Айыптың негізі – 2017 жылы әлеуметтік желіде жарияланған жазба. Ол кезде Апостолевский комсомолдың ресми басылымы «Fонарьдың» Алексей Навальный суретімен жарияланған мұқабасын репост еткен. Мұқабада Навальный бейнесі Владимир Лениннің «буржуазиялық либерализм» жайлы сыни дәйексөзімен қатар берілген. Тергеушілер бұл суретті «экстремистік символика» ретінде бағалап отыр.

29 жастағы саясаткер бұл айыппен келіспейтінін айтты.

«Мен мүлде ондай нәрселерді жариялаған емеспін – экстремизм де, Навальный да жоқ. Бұл – біздің ұстанымымыз бен экологиялық мәселелерге байланысты атқарған жұмысымыз үшін кек алу», - деді ол.

Сосновобор қалалық соты істі 30 шілдеге қалдырып, Апостолевскийді ешқандай бұлтартпау шарасынсыз босатты. Сот депутаттың адвокаттары сұраған лингвистикалық сараптама мен полицейлерден жауап алуға рұқсат бермеді.

Апостолевский Telegram-арнасында партияластарына үндеу жасап, мұны КПРФ-ке қысым көрсету деп бағалады. Облыстық бөлімше де бұл жағдайды партияға қарсы саяси қысым деп отыр.

Депутат
Фото: видеодан скриншот

Айта кетейік, Ленинград облысында губернатор сайлауы 14 қыркүйекте өтеді. Кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталуға жақын. КПРФ бұл сайлауға басқа үміткерді ұсынған.

Санкт-Петербург пен Ленинград облысының ІІМ басқармасы депутат Иван Апостолевскийге қатысты қозғалған әкімшілік істі түсіндірді. Ведомство өкілдерінің айтуынша, полиция интернет кеңістігін бақылау кезінде әлеуметтік желіден экстремистік сипаттағы жарияланым белгілері бар жазбаны анықтаған.

«Әлеуметтік желіден әкімшілік құқықбұзушылықтың белгілері бар жазба табылды. Жазба иесінің жеке тұлғасы анықталып, 29 жастағы Сосновый Бор тұрғыны полиция бөлімшесіне жеткізілді», - делінген ІІМ хабарламасында.

Жазбаны 350 адам көріп, 43 адам лайк басқан. Бұл пост жақында, болжам бойынша, Апостолевскийдің өзі тарапынан өшірілген. КПРФ өкілдері де бұл жарияланым Апостолевскийге қарсы қозғалған істің негізі болғанын растады. «Оны Навальныйды сынағаны үшін ұстады!» - деп мәлімдеді партия.

Апостолевский өңірлік элитаға ызғарлы депутат ретінде танылған. Ол қоқыс реформасының сәтсіз өткенін ашық айтып, жаңа қоқыс полигондары мен зауыттарының орналасуына тұрғындар қарсы екенін мәлімдеген.

Апостолевский әкімшілік істің нәтижесіне қарамастан, саяси және қоғамдық қызметін жалғастыра беретінін айтты.