Ердоған билікті ұлына тапсыруға дайындалып жатыр ма? — Bloomberg
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған биліктің сабақтастығын қамтамасыз ету мақсатында ұлы Биляль Ердоғанның саяси салмағын арттырып жатыр. Бұл туралы Bloomberg агенттігі хабарлады.
Басылым дерегінше, 44 жастағы Биляль соңғы уақытта әкесінің қасында жиі көрінеді. Ол шетелдік сапарларға бірге қатысып, жоғары деңгейдегі келіссөздерге араласып жүр.
Сонымен қатар, биліктегі Әділет және даму партиясы ішінде ықпалы күшейіп келе жатқаны айтылады.
Мемлекеттік БАҚ-та Биляль Ердоғанның қызметі жиі насихатталады. Bloomberg-тің дереккөздері оның кадрлық шешімдерге араласып, өзіне жақын команда қалыптастырып жатқанын алға тартады.
Сарапшылардың пікірінше, болашақта Биляль Ердоған Әділет және даму партиясын басқаруы немесе вице-президент лауазымына үміткер болуы мүмкін.