Иран Катардағы АҚШ базаларына қарай алты зымыран ұшырды

Бұл туралы Axios агенттігі дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады.
Reuters тілшілері мен куәгерлердің мәліметінше, Катар астанасы Доха үстінен жарылыстардың дауысы естілуде — оларды әуе шабуылынан қорғаныс жүйесінің әрекетімен байланыстыруда. БАҚ-тың хабарлауынша, Иранның мемлекеттік телеарнасы Тегеранның Катардағы АҚШ-тың Әл-Удейд әскери базасына қарсы операция бастағанын мәлімдеген. Reuters агенттігінің жазуынша, осы оқиғаларға байланысты АҚШ-тың Ирактағы әскери әуе базаларында ең жоғары жауынгерлік дайындық режимі енгізілді.
Axios дерегі бойынша, Иран АҚШ-тың Катардағы базаларына шамамен 10 зымыран ұшырған. Сонымен қатар Ynet басылымы тағы бір ирандық зымыранның Ирактағы америкалық базаға бағытталғанын хабарлады. Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы (КСИР) бұл шабуылды АҚШ-тың Ирандағы бейбіт ядролық нысандарға жасаған әскери агрессиясына жауап ретінде жасағанын мәлімдеп, Вашингтонды халықаралық құқықты өрескел бұзды деп айыптады.
Пентагон Иранның шабуылы АҚШ-тың Таяу Шығыстағы ең ірі әскери нысаны — Катардағы Әл-Удейд базасына бағытталғанын растады. Reuters агенттігіне сөйлеген америкалық шенеуніктердің айтуынша, Иран жақын және орта қашықтықтағы баллистикалық зымырандарды қолданған.
Сондай-ақ Катар мен Біріккен Араб Әмірліктері өздерінің әуе кеңістігін жаба бастағаны хабарланды.
Катар билігі Иранның шабуылына жауап беру құқығын өздерінде қалдыратынын да атап өтті. Ал Иран тарапы Тегеран бастаған операциялар “Катарға және оның халқына ешқандай қауіп немесе қатер төндірмейді, өйткені бұл бауырлас әрі дос ел” деп мәлімдеді.
Бахрейнде Иранның әрекеттеріне байланысты әуе дабылы жарияланып, тұрғындарға сабыр сақтап, қауіпсіз жерге жасырыну туралы ескерту жасалды.
CNN арнасы дереккөздерге сілтеме жасап хабарлауынша, АҚШ-тың Катар мен Бахрейндегі елшіліктерінің қызметкерлері «құлап жат та жамыл» (duck and cover) режиміне көшкен. Бұл режим шабуыл жағдайында аман қалу үшін арнайы әзірленген.
Fox News мәліметінше, Трамп қазір жоғары әскери қолбасшылықпен шұғыл кеңес өткізіп жатыр. Теларна дерегі бойынша, Ақ үй Иранның Катардағы АҚШ әскери базаларына жасаған шабуылы туралы ақпаратты мұқият бақылауда.